Елордада коммуналдық қызметкерлердің құрметіне саябақ пен стелла ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының Байқоңыр ауданында коммуналдық қызмет саласы жұмысшыларына ерекше құрмет көрсетілді.

Таңертең Абай даңғылы бойындағы саябаққа қалың жұрт жиналды. 6 шілде Астана күні мерекесіне орай елорданың коммуналдық қызмет саласы жұмысшыларының құрметіне «Коммуналдық қызметкерлер» саябағы және стелла салтанатты түрде ашылды.
– Елорда күні қарсаңында қала әкімдігі және Байқоңыр ауданы әкімдігінің ұйытқы болуымен Абай даңғылы бойында коммуналдық қызметкерлерінің құрметіне кеңістік ашылды. Бұл құрмет биыл жұмысшы мамандықтары жылы аясында барша коммуналдық салада еңбек етіп жатқан жұмысшыларға деген алғыс пен тағзым, - деді Астана қалалық мәслихатының төрағасы Табиғат Зейнулқабдин қоғамдық кеңістіктің ашылуына арналған іс-шарада.

Одан бөлек, кеңістік аумағында стелла қойылды.
– Стелла қамысқа ұқсайды, өздеріңіз білесіздер Ақмола облысының аумағы қамысты, қазір Астана қаласы көркейген, бұрын Ақмола кезінде бұл жерде қамыс өскен, мына жерде Ақбұлақ, арғы жағында Есіл өзені ағып жатыр. Стелла да қамыс және судың тамшылары бейнеленген, - дейді ол.

Саябақ аудан тұрғындары үшін қолайлы әрі жайлы жерде орналасқан, сондай-ақ абаттандыру және көгалдандыру жұмысы жүргізілген.
– Коммуналдық қызмет жұмысшыларының еңбегі зор, оларға шексіз алғыс айтамын. Стелла жайдан-жай бұл жерде ашылмады, бұл тамаша жер, яғни Ұлы Абай даңғылында, елорданы сумен қамтып отырған «Астана су арнасы» мекемесінің алдында ашылып отыр. Бұл жерден артық жер жоқ. Өзім энергетика, коммуналдық қызмет саласында біраз жыл еңбек етіп, ардагер атанып, зейнетке шықтым, - дейді елордалық ардагер Қалымтай Қазыбаев.


Саябақтың жалпы ауданы 10 700 шаршы метрді құрайды және ол Жұбанов көшесінен Пушкин көшесіне дейінгі аумақты қамтиды. Абаттандыру жұмысы аясында 3 500 шаршы метр аумақта кеспетастар және 2 000 шаршы метр асфальт жабыны төселді. Одан бөлек, 100 көлікке арналған автотұрақ қарастырылған.
– Көгалдандыру жұмысына келсек, гүлзар аумағында көлемі 6 000 шаршы метрді құрайтын жаңа көгал төселіп, суаруды толық автоматтандыруға мүмкіндік беретін жергілікті суару жүйесі іске қосылды. Жүйе 20 000 шаршы метр жасыл алқапты қамтиды. Сондай-ақ ағаштардың эстетикалық келбеті мен өсуіне жағдай жасау мақсатында 210 штамб көтерілді, - дейді Байқоңыр ауданының әкімі Талғат Рахманберді.


Айта кетейік, бұдан бөлек кешенді абаттандыру барысында балалар мен ересектерге арналған ойын және спорт алаңдары жабдықталды. Тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығы мақсатында ауқымды жарықтандыру жұмысы, атап айтқанда 33 саябақ шамы, 4 кіші архитектуралық форма, 1 воркаут алаңы және 7 жаттығу құрылғысы және дала жиhазы орнатылды.
Стелланың ашылу рәсіміне Астана қаласы мәслихатының басшылығы, Байқоңыр ауданының әкімі, қоғам қайраткерлері, белсенді жастар мен аудан тұрғындары қатысты. Сондай-ақ ресми іс-шара концерттік бағдарламаға жалғасты.