Елордада құқық бұзушылықтың алдын алуға «Қауіпсіз аула» жобасы көмектеседі

Бүгінгі күні 46 тұрғын үй кешеніндегі 97 кіреберісті 166 консьерж күзетеді. Талдау нәтижесі «Қауіпсіз аула» аумағында құқық бұзушылық тіркелмегендігін көрсетті.
Елорданың ресми сайтының жазуынша, бүгінде Астанада «қауіпсіздер» санатына кіретін 15 аула бар. Солардың бірі - Қабанбай батыр даңғылы 6/3, 6/6 мекен-жайында орналасқан «Каскад» тұрғын үй кешенінің ауласы. Онда құқық бұзушылықтың алдын алу үшін ғана емес, оны тіптен болдырмау жолдарын қарастыратын бірегей қауіпсіздік жүйесі жұмыс істейді.
Астана қаласы Ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, көптеген елдердің озық тәжірибесінен үйреніп, тұрғын үйлердің аулаларындағы қауіпсіздік мәселесін шешу билік органдарының басты міндеттерінің бірі болып табылады. «Қауіпсіз аула» жобасының арқасында жүздеген қоғамдық тәртіп бұзудың алды алынды. Он мыңдаған бейнематериал құқық қорғау органдарына беріліп, автокөлік иелеріне сақтандыру компаниялары өтемақыларын төледі. Жүздеген адамдар алғашқы медициналық көмекті дер кезінде алып, өмірлерін сақтап қалды.