Елордада күн сайын Pfizer вакцинасының 500 дозасы салынып жатыр

«Нұр-Сұлтан қаласында өздеріңізге белгілі, екі күн болды Pfizer-мен вакциналау жұмысын бастап кеттік. Қазіргі уақытта 930 адам аталған вакцинаның бірінші дозасын алып үлгерді. Олардың 643-і – 18 жасқа дейінгі балалар. Балаларда да, ересек адамдар да ешқандай асқыну жағдайлары байқалған жоқ. Біз әрбір вакцина салған адамдармен күніне 2-3 рет хабарласып, жағдайларын сұрап отырамыз», - деді Т. Мұратов №71 мектеп-лицейде тілшілерге берген сұхбатында.
Оның айтуынша, Pfizer вакцинасы қала бойынша барлық емханада қолжетімді және жеткілікті.
«Елордаға 33 мың доза келіп түсті. Екпе салу жаңа ғана басталғандықтан салыну қарқынына қарай вакцина тағы да жеткізіледі деп күтілуде. Екі күннің ішінде 930 дозасы салынды. Күн сайын әзірге 500 дозадан салынып жатыр деп ойлаймын. Бұл әлі жұмыстың басы. Болашақта әлі де өсуі мүмкін», - деді Т. Мұратов.
Айта кетейік, ҚР денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният пен Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің төрағасы Айжан Есмағамбетова және елордалық денсаулық сақтау басқармасы балалар вакцинациясын бақылау үшін елордалық №71 мектеп-лицейге барды.
Қазақстанда 3300 бала Pfizer вакцинасын салдырды және ешқайсысынан қатты жанама әсер байқалған жоқ.