Елордада күніне 102 пультына қанша қоңырау келіп түседі

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қалалық Полиция департаменті Жергілікті полиция басқармасының басшысы Ғұсман Жакин күніне елордалықтардан қанша қоңырау келіп түсетінін айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада күніне 102 пультына қанша қоңырау келіп түседі

«Патруль жасақтары мен учаскелік инспекторлар күніне 500 қоңырау бойынша шара қабылдап, жұмыс жүргізеді. Бұған оның үстіне жедел тергеу топтарының жұмысын қоса есептегенде тіпті көп. Тек көшедегі жасақтар ғана 102 қызметіне түсетін 500 қоңырау бойынша шақырылған жерге барады», - деді Гұсман Жакин департаментте өткен баспасөз мәслихатында.

Басқарма басшысы халықтың түскен қоңырауларды қабылдау және ол бойынша шара қабылдау қалай жүргізілетінін де түсіндірді.

«Біздің қызметкерлер әр шақыру бойынша орындарға барады. Жедел кезекшілер бұл ретте арнайы карточканы толтыратынын айта кету керек», - деді ол.

Ғұсман Жакиннің айтуына қарағанда, кейбір жағдайда тұрғындардың өзі болған оқиғаға қатысты түсіндірме бергісі келмейді.

«Кейде тұрғындар қызметкерлерімізді шақырып алып, келгеннен кейін жағдайды түсіндіруден бас тартып жатады. Тіпті есікті ашпай қоятындары да бар. Көктем мен жаз айларында үйдің желкөз терезесі ашық тұрады. Міне, сол себепті тыныштықтың бұзылуына байланысты қоңыраулар жиі түседі. Бұл үшін арнайы әкімшілік жауапкершілік барын ескеру керек. Көп жағдайда біздің қызметкерлерге ондай қоңыраулар түнде түседі. Ал шу шыққан үй иелері есігін ашпай қояды. Сол себепті, біз таң атқан кезде ПИК қызметкерлерімен бірге қайта әлі шу шыққан пәтер бойынша жұмыс жүргіземіз. Бірақ, бұл ретте біздің қызметкерлер құлақ аспай қоятын жағдайлар жоқ екенін атап өту керек», - деді ол.

Ғұсман Жакин сонымен бірге шақырылғаннан кейін тәртіп сақшылары қанша уақыттың ішінде келуі керектігін де айтып өтті.

«Біздің қаланың ерекшелігіне байланысты біз қызметкерлердің алдына 7 минуттың ішінде баруды міндеттегенбіз. Орташа есеппен полиция қызметкерлері 15 минуттың ішінде келеді. Бірақ, бәрі де тәуліктің уақытына және автокөліктің трафигіне байланысты», - деді ол.

Аян Бекенұлы