Елордада құрылыс алаңында өрт шықты, 3 газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды
АСТАНА. KAZINFORM — 2 қыркүйек күні елордада құрылыс алаңында өрт шығып, өрт сөндірушілердің жедел әрекеті нәтижесінде үш газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды, деп хабарлайды Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Оқиға Есіл ауданының Е-117 көшесінде болған. Алдын ала мәлімет бойынша, екі темір контейнер — қойма мен асүй отқа оранған. Өрттің жалпы аумағы 65 шаршы метрді құрады.
- Өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына шұғыл жетіп, жалынды толықтай ауыздықтады. Құтқарушылардың үйлесімді іс-әрекетінің арқасында 3 тұрмыстық газ баллоны қауіпсіз аймаққа шығарылып, ықтимал жарылыстың алдын алды, - делінген ақпаратта.
Зардап шеккендер туралы ақпарат түскен жоқ. Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі азаматтарға өрт қауіпсіздігі ережелерін қатаң сақтауды ескертеді.
Айта кетейік, Алматыда үш қабатты ғимараттағы өрт сөндірілді.