Елордада қызметтік міндеттерін орындау барысында мерт болған ішкі істер органдары қызметкерлеріне тағзым етілді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Полиция күнін мерекелеу аясында бүгін ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың қатысуымен қызметтік міндеттерін орындау барысында қаза тапқан ішкі істер органдарының қызметкерлері мен ішкі әскердің әскери қызметшілеріне арналған монументке гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Негізгі шара аяқталғаннан кейін Ішкі істер министрі ҚР ІІМ оқу орындарының түлектеріне лейтенат погондарын табыс етті.
«Құрметті әріптестер, құрметті ардагерлер, мен сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтаймын! Міне, бірнеше күннен бері осынау атаулы дата еліміздің барлық өңірінде аталып өтілуде. Біздің тарихымыздың әрбір кезеңінің өз қиындықтары болды. Бірақ, біз оған төтеп бердік. Осы ретте біздің арадагерлерімізге зор еңбектері үшін алғысымды білдіремін», - деді Қ.Қасымов.
Айта кетерлігі, Ішкі істер министрінің бұйрығымен бірқатар полиция қызметкері «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды.
Биыл Қазақстан полициясының құрылғанына 23 жыл толып отыр. Тәуелсіздік жылдары ішінде 900-ден астам полиция және Ұлттық гвардия қызметкері қызметтік борышын абыроймен атқарғаны үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың 95-іне награда қаза тапқаннан кейін берілді.