Елордада лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімнің анасы ұлын емдеуден бас тартқан
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада лифті ішінде 5 жасар баланы пышақтаған психикалық ауытқуы бар жасөспірім емді тұрақты қабылдамаған. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова мәлім етті.
- Анасы баласының диагнозын қабылдағысы келмей, емдеуден бас тартты. Балада емдеуде үзілістер болды, ол өкінішке қарай асқынуға әкелді. Сондықтан қазір емдеуден бас тартқан жағдайда қамқоршылардың жауапкершілігін күшейту мәселесін қарастырып жатырмыз, - деді Ақмарал Әлназарова Мәжіліс қабырғасында өткен баспасөз мәслихатында.
Еске сала кетейік, биыл 11 ақпанда елордада жасөспірім лифті ішінде баланы пышақтап тастаған еді. Кейін белгілі болғандай пышақпен шабуылдаған жасөспірім арнайы есепте тұрған.
Дәрігерлер зардап шеккен балаға дереу ота жасап, психологиялық көмек көрсетті.
Қазір баланы пышақтаған жасөспірім психиатриялық стационарда отыр.
Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ержан Нұрлыбаев жасөспірімнің ортаға бейім жағдайда болғанын айтты.
Сондай-ақ кейін анықталғандай лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімді жалғызбасты ана тәрбиелеп отырғаны белгілі болды.
Айта кетсек, елордада көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімнің анасы психикалық денсаулық орталығында ұлын ұрғаны туралы полицияға шағым түсірген еді.
Кейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елордада лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімді ұрды деген фактіге қатысты түсінік берді.
Ішкі істер министрінің орынбасары лифтіде баланы пышақтаған жасөспірімнің ісі бір ай ішінде сотқа жіберу жоспарда барын айтты.
Таяуда ғана лифтіде баланы пышақтаған жасөспірім ісіне қатысты тағы бір қылмыстық іс қозғалды.
Сонымен қатар жақында белгілі болғандай лифтіде пышақ жарақатын алған астаналық бала оңалтуға жатқызылады.