Елордада мекемелердің жұмысы тоқтағаны туралы жалған ақпарат таратқандар іздестірілуде
«Желіде шындыққа жанаспайтын ақпарат тараған. Осы орайда ресми ақпаратқа қарау керектігін айтқым келеді. Боранға байланысты төрт күн бойы жұмыс болмайтындығы туралы ақпарат шындыққа сай емес. Қазір енді полиция жалған ақпарат қайдан тарағанын қарап, жауапқа тартуы керек», - деді Алтай Көлгінов қалалық ТЖ департаментінде өткен отырыста.
Осы орайда әкім тұрғындар арасында негізсіз дүрбелең тудыруға жол берілмейтінін айтты.
«Сондықтан қала қызметтері өздеріне жүктелген жұмыстарды атқаруы тиіс. Қосымша техниканы жұмылдырамыз, сәйкесінше, алған қойылған мақсатты орындаймыз», - деді Алтай Көлгінов.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов қаладағы мемлекеттік мекемелердің бәрінің жұмысын тоқтатқаны туралы ақпаратты жоққа шығарды.
«Ауа райының қолайсыздығына байланысты қаладағы барлық мекемелердің жұмысын тоқтатуға қатысты ақпарат шындыққа жанаспайды», - деп жазды әкім Instagram парақшасында.
Таратылған жалған ақпаратта боранға байланысты алдағы бірнеше күн бойын мекемелердегі, ұйымдардағы жұмыстар тоқтатылатыны айтылған.