Елордада мектеп инспекторларының саны артады
"Өздеріңізде білетіндей, Нұр-Сұлтан қалалық полиция департаменті елорданың оқу орындарында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге жіті назар аударады. Бүгінгі күні елордада, біздің департаментімізде қала бойынша 117 мектеп инспекторы және кәмелетке жасы толмағандар ісі жөніндегі 36 инспектор жұмыс істейді. Біз Ішкі істер министрлігіне осы жылдың 1 маусымына дейін мектеп инспекторларының штаттық бірлігін тағы 33-ке ұлғайту туралы ұсыныс енгіздік", - деді ол.
Оның атап өтуінше, мұндай шара елорданың күннен-күнге ұлғайып, жаңа мектептердің салуына байланысты қабылданып отыр. Сонымен қатар ол 25 мамырда соңғы қоңыраудың соғылуына және 12-26 маусым аралығында шамамен 89 көңіл көтеру орны мен 20-дан астам мектеп ғимаратында түлектер кешінің өтуіне байланысты қауіпсіздік шараларының қабылданатындығын айтты.
"Департамент түлектер кеші өтетін жерлердегі қоғамдық тәртіпті, қауіпсіздік сақтауға бағытталған барлық шараны қабылдайтын болады. Нұр-Сұлтан қаласының әрбір білім беру орнына мектеп инспекторы, полиция инспекторы, жауапты инспектор, сонымен департаменттің басшылық құрамынан жауапты тұлға бекітіледі", - деді Р.Шәрібаев.