Елордада мектеп оқушылары үшін Hogwarts лагері ұйымдастырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласы әкімдігінің №101 орта мектебінде ұйымдастырылған жазғы Hogwarts лагері аясында «Ұлттық тәрбие – ұрпақтар мұрасы» атты тақырыптық күн өтті, деп хабарлады елорда әкімдігінің ресми сайты.

Іс-шара аясында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен заманауи ақпараттық технологияларды ұштастыра отырып, балалардың шығармашылық және танымдық қабілеттерін дамытуға бағытталған бірнеше шеберлік сағаты мен интерактивті сабақтар ұйымдастырылды. 6 жастан 13 жасқа дейінгі 1-7 сынып оқушылары қамтылды.
Физика, информатика және робототехника пәндерінің мұғалімі Айтжан Әбілмажинов жетекшілік ететін бағыттар – дрон құрастыру, VR құрылғыларымен жұмыс және дронды симуляторда басқару. Ұстаздың айтуынша, бұл бағыттар балалардың тек қызығушылығын ғана емес, техникалық ойлау мен қауіпсіздік дағдыларын дамытуға көмектеседі:
– VR құрылғылары арқылы балалар шынайы өмірде шектеулі әрекеттерді виртуалды ортада еркін жасай алады. Ал дрондармен жұмыс барысында олар оның құрылымын да меңгереді. Қалақшалар дұрыс орнатылмаса, дрон ұшпайды – осының бәрін тәжірибе жүзінде түсіндіреміз, - дейді ол.

Қыш өнері бойынша шеберлік сабағын көркем еңбек пәнінің мұғалімі Еркебұлан Мауянов жүргізді. Ол бұл істің тек сұлулық емес, тәртіп пен мұқияттылықты қажет ететінін атап өтті:
– Сазбен жұмыс баланың ұсақ моторикасын дамытып қана қоймай, оның қиялы мен ішкі эмоциясын еркін білдіруіне мүмкіндік береді. Бала материалды қолымен сезініп, ойын көркем түрде жеткізуге тырысады, - дейді ұстаз.

Дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Бауыржан Томашев жетекшілік еткен асық ату, бес тас, тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындарға балалар зор қызығушылық танытты.
– Қалалық ортада өскен балалардың кейбірі бұл ойындармен алғаш рет танысып жатыр. Дегенмен қызығушылықтары жоғары, - дейді ұстаз.
Hogwarts жазғы лагері балаларға пайдалы білім беріп қана қоймай, олардың шығармашылығын, техникалық сауаттылығын және ұлттық құндылықтарға деген құрметін дамытуда. Екі маусымға жоспарланған бұл лагерьге жүздеген бала қатысып, екінші ауысымға қайта келіп жатқан балалар саны жобаның сәтті жүзеге асып жатқанын көрсетеді.