Елордада мемлекеттік қызметшілерді дамытудың инновациялық әдістері талқылануда
Жиынға қатысқан Астанадағы Мемлекеттік қызмет саласындағы Өңірлік хаб басқарушы комитетінің төрағасы Әлихан Бәйменовтің айтуынша, 2013 жылдың наурызында ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасымен аталған хаб құрылған кезде оның құрамында 25 мемлекет пен халықаралық ұйым болған. Бүгінгі күні оның қатысушылар саны ұлғайып, 30-дан астам мемлекет және халықаралық ұйым мүше болып отыр.
«Оның ішінде әлемдегі ең дамыған елдер Еуропа одағы, АҚШ, Канада, Жапония, Корея, Түркия және біздің аймақтың Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері бар. Бұл хабтың негізгі мақсаты - сол аймақтағы мемлекеттер үкіметінің реформалар әлеуетін дамытудағы әрекеттеріне ықпалдастық жасап, олардың әлеуетін көтеруге көмектесу», - деді ол.
Ә.Бәйменовтің атап өтуінше, аталған мақсаттарға қол жеткізу үшін әлемдегі озық мемлекеттерден, жетекші ғылыми орталықтар мен оқу орындарынан беделді сарапшылар тартылып, олармен пікір алмасу ұйымдастырылады. Сонымен қатар хаб дербес және сол мемлекеттермен бірлесе ғылыми зерттеулер де жүргізеді.
«Бұл хабтың жұмысы қазір халықаралық деңгейде өте жоғары баға алуда. БҰҰ Бас хатшысының орынбасары Х.Кларк ханым хабты құру және оны дамыту Елбасының өңірлік және өңіраралық өзара іс-қимыл мен ынтымақтасты дамытудағы теңдесі жоқ үлесі деп бағалады», - деді Өңірлік хаб басқарушы комитетінің төрағасы.