Елордада мемлекеттік тілді оқыту үдерісіндегі лингводидактикалық тестілеудің орны мен маңызы» атты республикалық ғылыми-практикалық семинар өтеді

АСТАНА. 25 мамыр. ҚазАқпарат - 31 мамырда «Есіл Гранд Парк» қонақ үйінде «Мемлекеттік тілді оқыту үдерісіндегі лингводидактикалық тестілеудің орны мен маңызы» атты республикалық ғылыми-практикалық семинар өтеді.
None
None

Бұл ақпаратты ҚР Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығының баспасөз қызметі таратып отыр.

Семинар барысында лингводидактикалық тестілеудің теориялық және практикалық мәселелері, тестілеудің әдістемесі мен технологиясы, тест түріндегі бақылаудың міндеттері мен принциптері, мемлекеттік тілді оқытуда және тестілеуде жаңа компьютерлік технологияларды қолдану, тест алудың психологиялық мәселелері қарастырылады.

Аталған іс-шараны Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығы директорының міндетін атқарушы Әлім Сергібаев кіріспе сөзбен ашады. Тыңдаушылардың алдында Тіл комитетінің төрағасы ф.ғ.д., профессор Бауыржан Омаров сөз сөйлейді.

Семинардың жұмысына ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Мемлекеттік қызметті кадрлармен қамтамасыз ету департаментінің директоры Мақсұт Өтешев, филология ғылымдарының докторы, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының профессоры Эльмира Оразалиева, ҚР БҒМ Ұлттық тестілеу орталығының директоры Қали Әбдиев, Ұлттық тестілеу орталығы Мемлекеттік тілді дамыту басқармасының жетекшісі Айдос Әбдіхалықов қатысады.

Семинарда лингводидактикалық тестілеудің теориясы және практикасының мәселелерін зерттеп жүрген есімі елімізге танымал ғалымдар дәріс оқып, практикалық сабақтар жүргізеді.

Семинарға Орталық атқару органдарының мемлекеттік тілді дамыту басқармаларының (бөлімдерінің) басшылары, мамандары, Астана, Алматы және облыс орталықтарындағы мемлекеттік тілді оқыту орталықтарының басшылары мен әдіскер-оқытушылары, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысады. Семинардың соңында тыңдаушыларға сертификат беріледі.

Соңғы жаңалықтар