Елордада «Менің жолым - Нұрлы жол» республикалық патриоттар форумы өтеді
Жыл сайын өткізілетін Форум жұмысына мемлекеттік, орталық және жергілікті атқарушы органдардың, жастар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері, ҚР Парламентінің депутаттары, танымал мәдениет, өнер және спорт қайраткерлері, сондай-ақ, «Қазақстан 2050» Жалпыұлттық қозғалысының белсенділері, шамамен 400 делегаттың қатысуы күтілуде, деп хабарлайды «Қазақстан 2050» қозғалысының медиадиректоры Қанат Әуесбай.
Форум үш тақырыптық бөлімнен тұрады. Алғашқы бөлімде қатысушыларды түрлі тарихи дәуірлердің өкілдерін сомдаған ұлттық киімдегі кейіпкерлер қарсы алады. Сонымен қатар, «Мемлекеттіліктің даңғыл жолы» (өткеніміз, бүгінгіміз, болашағымыз) атты көрме ұйымдастырылып, қонақтар қазақ мемлекеттілігінің қалыптасу кезеңдері баяндалған инфографикалық баннерлер топтамасын тамашалайды.
Форумның екінші - концерттік бөлімінде әртістердің, көлеңке театрының қойылымдары мен лазерлі-жарықтық шоу көмегімен басты тарихи кезеңдер сахнада көрініс табады. Спикерлер патриотизм туралы ойларымен бөліседі. Сондай-ақ, жыл сайын берілетін «Жыл патриоты» құрмет белгісі табыс етіледі. Форумда көрнекті спортшыларды, әртістерді, жаңашыл ғалымдарды, өз кәсібінің шыңына шыққан тұлғаларды, күштік құрылымдар өкілдерін, жетекші қоғамдық ұйымдар көшбасшыларын марапаттау, оларға құрмет көрсету дәстүрі жалғасын табады. Концерттік бағдарлама аяқталған соң, қатысушылар Ұлттық сурет галереясының арнайы тақырыптық экспозициясын тамашалауға мүмкіндік алады.
Сонымен бірге, іс-шара аясында өнер тарихы, Қазақ мемлекетінің қалыптасу тарихы, шешендік өнер тақырыптары бойынша 3 work shop (шеберлік сабағы) ұйымдастырылады. Қатысушылар шеберлік сабақтарында аталмыш тақырыптар төңірегінде толғандырған мәселелерін қазақстандық жетекші сарапшылармен талқылап, белгілі бір машықтарды дамытуға мүмкіндік алады.