Елордада мереке күндері толассыз қар жауады: 1200 техника қар күреп жүр
Астанада жауын-шашын толассыз жауып жатыр. Коммуналдық қызмет күшейтілген режимде тәулік бойы жұмыс істеуде, деп хабарлайды Kazinform Астана әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.

29 желтоқсан таңертеңнен бері қар күреу жұмысына 2 344 жол жұмысшысы мен 1 200-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.
28 желтоқсаннан 29 желтоқсанға қараған түні елордадан 17 мың текше метрге жуық қар шығарылды, бұл — 1 478 жүк көлігіне артылатын жүк көлеміне тең.
Қыс маусымы басталғалы қар полигонына 53 083 рейспен 722 мыңға жуық текше метр қар шығарылды.
Сонымен қатар қозғалыс қауіпсіздігі мен қала көшелері және тротуарларды мұз қатуының алдын алу үшін құм-тұз қоспасы себілді.
Атап өтерлігі, алдағы күндері елордада қар жауады деп болжанып отыр.
Қазгидромет синоптиктерінің болжамынша, 29 желтоқсанда жаңбыр мен қар жауып, боран соғады және көктайғақ болады.
Ауа температурасы күндіз де, түнде де нөл градус шамасында болады.
30 желтоқсан күні Астанада қар жауып, боран соғады.
Оңтүстік-батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғады, кейде екпіні 15-20 м/с және 25 м/с жетеді.
Түнде ауа температурасы 8-10 градус, күндіз 3-5 градус аяз болады.
31 желтоқсанда қар жауады, боран соғып, көктайғақ болады деп болжанып отыр.
Оңтүстік-батыстан 9-14 м/с жылдамдықпен жел соғады, кейде екпіні 15-20 м/с жетеді.
Ауа температурасы түнде және күндіз 1-3 градус аяз болады.