Елордада мүгедектігі бар әйелдердің мәселелеріне арналған конференция өтуде

АСТАНА. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Айнұр Кенебаева/ - Бүгін Астанада «Баршаға теңдей мүмкіндіктер: мүгедектігі бар әйелдердің қоғамға ықпалдасуы» атты халықаралық конференция жұмысын бастады.
None
None

Оған ҚР Парламентінің депутаттары, орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың, үкіметтік емес ұйымдардың, мүгедектігі бар әйелдердің қоғамдық бірлестіктерінің, халықаралық ұйымдардың өкілдері және халықаралық сарапшылар қатысуда

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректеріне қарағанда,бүгінгі күні Қазақстанда 485,4 мың адам мүмкіндігі шектеулі жандар санатына жатады. Олардың 231 мыңы қыздар мен әйелдер. Мүгедектігі бар қыздар мен әйелдер екіжақты дискриминацияға, яғни жынысы мен мүгедектігі тұрғысынан кемсітуге тап болатындықтан тұлғалардың бұл санаты көмекті қажет ететін ерекше осал топқа жатқызылады. Сондықтан да аталмыш конференцияда көтерілген мәселе өзекті болып отыр.

Атап өтерлігі, 2008 жылдың 11 желтоқсанында Қазақстан БҰҰ-ның Мүгедектер құқығы туралы Конвенциясына қол қойып, оның Факультативтік хаттамасын бекіткен болатын. Конвенция барлық мүгедектер қолдануы тиіс құқықтарды және мемлекет пен өзге тараптардың осы құқықтарды қамтамасыз ету жөніндегі міндеттемелерін белгілейді және экономикалық, әлеуметтік, саяси, құқықтық және мәдени салада мүгедектердің адами құқықтарын қорғайды әрі сақталуына кепілдік береді.

Конвенция талаптарына сай қатысушы мемлекеттерге мүгедек адамның құқықтарын қорғау үшін барлық тиісті заң шығарушылық, әкімшілік және өзге де шаралардың қолға алынуын, сондай-ақ жеке тұлғалармен, ұйымдармен және жеке кәсіпорындармен мүгедектер құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету жүктелген. Осыған сәкес қазіргі таңда Қазақстан Конвенцияны ратификациялау төңірегінде жұмыстар жүргізіп жатыр.

«Конвенция жүктеген міндеттерді жүзеге асыру алғышарттарын қалыптастыру қадамдары ретінде орталық және жергілікті мемлекеттік органдар, мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері, мемлекеттік емес және халықаралық ұйымдардан құралған арнайы жұмыс тобы мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру сапасын арттыру мен құқықтарын қорғау шарасының ұзақ мерзімді Ұлттық жоспарын жасады. Шаралар кешенінің Ұлттық жоспары Үкімет қарауына жіберілмек», - деп мәлімдеді конференцияда Қазақстандағы ЕҚЫҰ Орталығының басшысы Александр Кельчевский.

Соңғы жаңалықтар