Елордада Назарбаев зияткерлік мектебінде оқушылар смартфон үшін тапталып қала жаздады
АСТАНА. KAZINFORM — Әлеуметтік желіде оқушылардың мектеп дәлізінде топталып, бір-біріне соқтығысып жатқан видео тарады. Белгілі болғандай оқушылардың бір жерге жиналып қалуына смартфон себеп болған.

Оқиға Астана қаласындағы Назарбаев зияткерлік мектептерінің бірінде болған. Мектепішілік тәртіп бойынша балалар сабақ алдында ұялы телефонды өткізеді, оқу аяқталған соң қайта алады. Дәліздегі кептелген балалар өз смартфондарын алуға таласқан.
Аталған жағдайға НЗМ-нің баспасөз қызметі түсінік берді.
— Барлық мән-жай жедел түрде анықталып, мектеп әкімшілігі болашақта осындай жағдайдың алдын алу үшін қажетті шара қабылдады. Бұл жайт бір реттік сипатқа ие, тек бір ғана мектепте болды, — делінген хабарламада.
Сондай-ақ білім ошағы оқу процесі барысында смартфонды пайдалануды шектеу бастамасы ішінара пилоттық жоба ретінде енгізілген хабарлап отыр.
Еске сала кетейік, былтыр Олжас Бектенов Назарбаев университеті және Назарбаев зияткерлік мектебінің Жоғары қамқоршылық кеңес отырысын өткізді.