Елордада ӨКМ Операторына қатысты сот талқылауы басталды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елордадағы Байқоңыр ауданының №2 сотында «ӨКМ Операторы» ЖШС-не қатысты істі талқылау басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Іс бойынша бұрынғы Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің экс-Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев және ұйымның бұрынғы директоры Рустам Темірбек пен «ӨКМ Операторы» экс-бас директоры Светлана Коротенко айыпталып жатыр. Оларға миллиардтаған қаржыны жымқырды деген кінә тағылды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің мәліметінше, «ӨКМ Операторы» басшылығы шенеуніктермен бірлесіп 180 млрд теңге жымқырмақ болған. Осыған байланысты 26 қаңтарда ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов пен «ӨКМ Операторы» ЖШС Басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев ұсталған болатын.

Сол күні «ӨКМ Оператор» ЖШС-нің басқарушы директоры Руслан Шәмшиевтің денесі табылып, елорданың «Есіл» аудандық полиция бөлімі ҚР Қылмыстық кодексінің 105-бабымен (Өзін-өзі өлітурге дейін жеткізу) қылмыстық іс қозғады.

Айта кетейік, 2022 жылғы 11 қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «ӨКМ Операторы» ЖШС-нің кәдеге жарату алымын жүргізу және кәдеге жарату алымына иелік етуін тоқтату туралы тапсырма берді.


Соңғы жаңалықтар