Елордада оқушылар арасында интеллектуалдық байқау өтуде
Зияткерлік сында балалар өздерінің Қазақстан тарихы жөніндегі білімдерін ортаға салатын болады. Бүгінгі ақтық кезеңге бірнеше турлардан іріктелген 9 жеңімпаз-команда қатысуда. Мұражай және «Астана Дарыны» өңірлік ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырған бұл шара Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық мерейтойына орайластырылып отыр.
«Байқау жас ұрпақтың өз елінің көне замандардан бастап, тәуелсіздік алған қазіргі заманғы дауіріне дейінгі тарихына деген қызығушылықтарын және білімдерін анықтауға ғана емес, Қазақстанның мемлекет ретінде қалыптасуына әрбір жас, әрбір азамат қатыса алатындығын түсіндіруге бағытталған», - дейді ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайы директорының орынбасары Ботакөз Қайыпова.
Оның айтуынша, бұндай шаралар жасөспірімдерді тарих беттеріне, тәуелсіздікті жасаған тұлғаларға, сол үшін күрескен ерлерге, тұлғалы азаматтарға құрметпен қарауларына тәрбиелейді.
«Ақтық жарыстың алғашқы кезеңінде мектеп оқушылары тарихи тұлғалар жайында көріністер қойып, оның тұлғалық бейнесін ашуға тырысады. Қалған екі тур оқушылардың мемлекеттің тарихы жөніндегі білімдерін анықтауға, логикалық ой-машықтарын бағалауға мүмкіндік беретіндей етіп құрылған», - деді Б. Қайыпова.