Елордада орнатылған батуттардың саны белгісіз - әкімдік
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы ойын аттракциондарының көп бөлігі жеке нысандардың аумағында орнатылған. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Нұр-Сұлтан қалалық инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасына сілтеме жасап хабарлайды.
«Кәсіпкерлердің жүзеге асыратын қызметі туралы есеп берілмеуіне байланысты Нұр-Сұлтан көшелерінде орнатылған батуттардың саны басқармаға белгісіз. Сонымен қатар, ойын аттракциондарының басым бөлігі жеке нысандардың аумағында орналасқан. Тиісінше басқарманың қызметкерлері осы нысандарды тексере алмайды», - делінген басқарманың ҚазАқпарат тілшісіне берген жауабында.
Батуттардың қауіпсіздігіне байланысты сұраққа жауап бере келе басқарма өкілдері қадағалау құзыреті өзінде жоқ екенін хабарлайды. Осыған байланысты кәсіпкерлерге басқарма тексеру жүргізе алмайды.
«Осы мәселе бойынша уәкілетті орган - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті. Сондай-ақ, осы бағыттағы жұмысты Төтенше жағдайлар, полиция, қоғамдық денсаулық сақтау департаменттері және Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитетінің Нұр-Сұлтан қаласы бойынша аумақтық департаменті жүргізеді», - делінген жауапта.
Бүгінгі күні басқарманың миссиясы - кәсіпкер мен мемлекет арасындағы әкімшілік кедергілерді жоюға ықпал ету болып отыр.
«Заң бойынша қандай да бір шараларды қолдануға өкілеттігіміз жоқ. Тек қана ұсыныс береміз», - дейді басқарма қызметкерлері.
Айта кетсек, бұған дейін Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі ТЖД және аудандық әкімдіктерімен бірлесе отырып, балалардың жарақаттану және өлім-жітім оқиғаларының көбеюіне байланысты үрлемелі батуттардың жұмысын уақытша тоқтатуға бағытталған шараларды қолға алған болатын.
Еске салайық, 25 мамыр күні Қарағанды қаласындағы Орталық саябақта қатты желден үрлемелі батут жақында орналасқан дүңгіршектің үстіне аударылып түскен болатын. Салдарынан 2007 жылы туған жеткіншек қаза болды. 2004 және 2012 жылы туған үш бала түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді. Оқиғаға байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Сауық нысанын заңсыз әрі, талапқа сай орналастырмағаны үшін қаланың 40 жастағы тұрғыны ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Бүгін белгілі болғандай, аударылған батуттың қожайыны Қарағанды облысының Абай қаласында өрт сөндіру бөлімін басқарған. Биылғы 20 мамырда жұмыстан босату туралы рапорт берген.