Елордада оталып тұрған көлікті айдап әкеткен екі жігіт ұсталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің «Алматы» ауданы ПБ қылмыстық полиция қызметкерлері елорда аумағында көлікті айдап әкету күдігіне ілінген екі азаматты ұстады. Бұл туралы ҚазАқпарат Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаментіне сілтеме жасап хабарлайды.

Елордада оталып тұрған көлікті айдап әкеткен екі жігіт ұсталды

Полицияға қаланың тұрғыны келіп, 15 наурыз түнгі сағат 02:50-де Күйші Дина көшесінде «Лада Ваз 2114» көлігін белгісіз біреулердің айдап әкеткенін айтқан.

Көлік иесі оталып тұрған көлігін бірнеше минутқа қалдырып кеткен болатын.

Тергеу барысында 22 және 21 жастағы екі жас азаматтың алдын ала ойластырған жоспармен жұмыс істегені белгілі болды.

Қаскүнемдер оталып тұрып, иесіз қалған көліктерді аңдып жүріп, теріс ойын солай жүзеге асырған.

ЖБО-ның бейнебақылау таспалары ұрланған көліктің Қабанбай батыр даңғылында мемлекеттік тіркеу нөмірінсіз Қорғалжын тасжолына кетіп бара жатқанын анықтады.

Полиция жасағы күдіктілерді ұстады. Аталған фактімен қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілердің елорда аумағында осыған ұқсас қылмыстарға қатысы анықталу үстінде.

Нұр-Сұлтан қаласының полиция департаменті азаматтарды қырағы болып, көлігінен шыққанда оның есік-терезелерінің дұрыс жабылғанын тексеруді сұрайды.

Көліктің ұрлануын болдырмау және қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында полицейлер көлік иелеріне оны оталған күйде қалдырып кетпеуін, дабыл жүйесін орнатуды, көліктерді күзетілетін автотұрақтарға қойып кетуді кеңес етеді.

Заңға қайшы әрекеттерге тап болған азаматтар полицияның 102 нөміріне хабарласа алады.