Елордада отандық тауар өндірушілердің көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр (ФОТО)

Онда жеңіл өнеркәсіп саласының 50-ден астам кәсіпорыны өз өнімдерін ұсынуда. «NADLoC» Жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ-тың хабарлауынша, бұл шара Тұңғыш Президент күніне орай ұйымдастырылуда әрі қазақстандық өндірушілерді қолдауға бағытталған жалпыхалықтық акцияның жарқын жалғасы болмақ.
«Бұл жәрмеңкеге шұлықтан бастап үйге қажетті бұйымдар, іскерлік костюм-шалбарға дейін өнім шығаратын тауар өндірушілер қатысып жатыр. Қазақстандық өнімдердің барлығының да сапасы жақсы, бағасы арзан. Бүгінде жәрмеңкеге қатысып жатқан әрбір кәсіпорында 10-нан 400-ге дейін адам еңбек етіп отыр. Ал мұндай жәрмеңкелер отандық тауар өндірушілерді халық арасында танытуға, сол арқылы өнімдерін молынан өткізіп, түскен қаржы есебінен өндірісін кеңейтуге мүмкіндік береді», - деді «NADLoC» Жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ басқармасының төрағасы Қайрат Бектұрғанов.