Елордада Павлодар сауда үйін құру қарастырылуда

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада Павлодар облысында өндірілген сапалы өнімдерді саудалайтын Павлодар сауда үйін жасақтау жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін осы облыстың әкімі Қанат Бозымбаев мәлім етті.
None
None

«Біздің өңірден жеткізілген өнімдердің дәмін асталықтар татып көруі керек және облысымыздың азық-түлік өнімдері тұрғындарға ұнайды деп ойлаймыз. Ұсынылған мүмкіндіктер мен бүгін қол қойылған келісімнің арқасында сауда орындары мен базарларға ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер арадағы делдалсыз тікелей өнімдерін жеткізе алады. Осы орайда біз бұл жұмыстарды үнемі бақылап отырамыз», - деді облыс әкімі.

Сонымен қатар ол Астана әкімдігі сауда орнын ұсынып, оны облыс тарапы жалға алу мәселесі қарастырылып жатқандығын атап өтті.

«Біз бұл нысанды Павлодар сауда үйі етіп жасамақпыз. Осы орайда өңірде өндірілетін барша өнім Астананың нарығында қолжетімді болады», - деді Қ. Бозымбаев.

Бұдан бұрын хабарланғандай, бүгін елордада Астана әкімдігі мен Павлодар облысының әкімдігі арасында сауда-экономикалық қатынасты жүзеге асыру жөніндегі меморандумға қол қойылды. Бұл құжатты Астана әкімі Әділбек Жақсыбеков пен Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев бекітті.

Соңғы жаңалықтар
Референдум