Елордада пайдалануға берiлген тұрғын үй алаңы он жылда 1 млн 250 мың шаршы метрге ұлғайды

Астана. Мамырдың 12-сi. ҚазАқпарат /Райхан Қоңыр/ - Ақпанның 4-i күнi қала әкiмi Иманғали Тасмағамбетов халыққа есеп беру кездесуiнде биыл елордада 100-ден астам тұрғын үй құрылысын аяқтау жоспарланғаны туралы дүйiм елдi хабардар еткен.
None
None
Қала басшысының уәдесi бойынша, мамыр - қазан аралығында 70 нысан пайдалануға берiлмек. Осы қарқыннан таймасақ, биыл 17 176 үлескер көптен күткен баспанасына қол жеткiзеді. Бұдан өзге 24 нысанның құрылысы 2010 жылы аяқталады. Сол жолы әкiм «Елбасының тiкелей қолдауымен, Үкiметтiң қаржылай көмегiмен тұрғын үй құрылысы саласындағы дағдарысты дер кезiнде ауыздықтай алдық. Қазiр қалада барлығы 155 мың шаршы метр арзандатылған және арендалық пәтердiң құрылысы бiтiп, дайын тұр. Олардың бәрi осы жылдың аяғына дейiн толық үлестiрiлетiн болады» деген. Осылайша, «Қазақстанның бас құрылыс алаңына» айналған Астанада жылдың алғашқы төрт айында барлық қаржыландыру көздерi есебiнен 526,7 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берiлген екен. Бұл - «өзiмiз өз болғалы», елорда - елорда болып шаңырақ көтергелi жұртымыздың өз үйiне, «кең сарайдай боз үйiне» көшкен елдей болып көптеп қоныстанғаны. Жоспар бойынша жыл аяғына дейiн 1 млн 250 мың шаршы метрге тарта тұрғын үй құрылысы берiлмек. Жалпы, елорда Есiлдiң жағасына көшкеннен бергі он жыл бойы басшының да, басқаның да арқасын аяздай қарыған мәселе тұрғын үй құрылысы едi. Сондықтан, мұндай қомақты көрсеткiш - бәрiмiздiң мерейiмiз. Мәселен, 1998 жылы бар-жоғы 136 мың шаршы метр тұрғын үй алаңы берiлiптi. Он жыл өткен соң оның көлемі 1 млн 250 мың шаршы метрге ұлғайды. 1998 жылы 134 соғыс ардагерi үйдiң кезегiнде тұрған. Бүгiнде олардың барлығы баспанамен түгел қамтылды. Осы жылы мемлекеттiк бағдарлама аясында жалпы аумағы 247 мың шаршы метрдi құрайтын 7 044 пәтер пайдалануға берiлетiн болады. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында жүктелген тапсырмаларға сәйкес, Үкiмет қолға алған Жол картасын жүзеге асыру аясында Астана қаласының құрылыс басқармасы бойынша барлығы 49 513 997 мың теңге, несиегерлiк берешектi өтеуге 2 783 мың теңге, даму трансферттерi 49 400 813 мың теңге, жергiлiктi бюджеттен қосымша 110 401 мың теңге, ал «Құрылыс басқармасының қызметiн қамтамасыз ету» бағдарламасы бойынша 12 511 мың теңге қарастырылды. Дегенмен, құрылыс нарығында экономикалық-әлеуметтiк ахуал толық шешiлген жоқ. Әсiресе, үлескерлiк тұрғын үй құрылысы талайдың ұйқысын қашырды. Тапқан-таянғанын бала-шағаның аузынан жырып, өз алдына жеке үйге ие боламын дегендердiң көбiнiң өзiнiң қолы өз аузына жетпей қалған жайы бар. Жыл басында Астанада 24 104 үлескердiң қатысуымен салынып жатқан 128 тұрғын үй құрылысы болған. Бүгiнде 8 тұрғын үй кешенi аяқталып, 2 110 үлескер үйiне кiрдi. Астана қалалық Экономика және бюджеттiк жоспарлау басқармасының мәлiметi бойынша, «Үлескерлердiң қатысуымен салынған аяқталмаған тұрғын үй объектiлерiн салуға қатысу үшiн өкiлеттi ұйымның жарғылық капиталын ұлғайту» бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттiң трансферттерi есебiнен 15 200 000 мың теңге қарастырылды. «Үлескерлiк тұрғын үй» деген тiркестiң тұрмыстық-экономкалық сипат алғалы 4-5 жылдың жүзi ауды. Адамдар өз қолайына қарай, үлескерлiк тұрғын үйге ниет еткен. Себебi әу баста кейбiреу дайын, бiрақ қымбат үйдi қолма-қол ақшаға сатып алғаннан гөрi, кiрпiшi қаланған күннен бастап өзiнiң жекеменшiгi болатын төлемi ұзақ мерзiмдi әрi арзандау келетiн пәтердi иеленгендi дұрыс көрген. Осы ретпен 2005 - 2007 жылдар аралығында Астанада 32 мыңға тарта адам үйлi болды. Бiрақ, осы салаға дағдарыс қоса қабаттасып, үлескер мен мердiгердiң арасы шиеленiсiп кеттi. Сарапшылардың айтуынша, үлескер мен құрылысшылардың арасындағы келiсiм-шарт жеке тұлғаның мүддесiн ескермеуге бейiм құрылған. Соның кесiрiнен көп азаматтар құйтырқылардың арбауына түсiп қалып жатты. Үйдi пайдалануға берiлетiн мерзiмнен кешiктiру әдетке айналдырып, кейiн келе үлескерлердiң қаржысын талан-таражға ұшыратты. Бәрiнен де үлкен қалалардағы жылжымайтын мүлiк нарығына қиын тидi. Ал нағыз құрылыс алаңына айналған Астанаға дағдарыс ерекше батты. Елiмiздiң ең iрi екi шаһарын Алматы мен Астананы салыстырып қарайық. 2008 жылы қаңтардың 1-iнде Астанада 37 мың үлескердiң үмiт етiп отырған 227 тұрғын үй нысаны бар едi. Алматыда 15 мың үлескер 108 нысанға қаржы салған. Өзге елдердiң көзiмен қарасақ, бұл - жеке тұлға мен коммерциялық тұлғаның арасындағы келiсiм. Сондықтан, оған мемлекеттiң тiкелей қатысы да, алыс-берiсi де жоқ. Бiрақ қазақ елi бiтпеген үйдiң босағасында қалған халықтың шырылына шыдап, қарап отыра алмады. Елбасының өзі қаржы салудың жолын iздетiп, Үкiметтi табанынан тiк тұрғызды. Соның арқасында 2008 жылы жалпы көлемi 107 миллиард теңге құралды. «Самұрық-Қазына» тұрақты даму қоры арқылы 5000 үлескердiң ахуалын түзеуге 34 нысанға 48,8 млрд теңге бөлiндi. Ол ақшаға өткен жылы 6 кезектегi және 9 нысанның құрылысын аяқтауға 17 құрылыс компаниясы жұмылдырылды. 41 млрд теңгенi 6000 үлескер қарап отырған, құрылысы орта жолда қалған 47 нысанның пәтерiн сатып алуға бөлдi. Сөйтiп, 3 кезектегi және 4 нысан бiттi. Бұл жұмыстар 39 құрылыс компаниясының араласуымен атқарылды. Қос уыстап ақша салып, алданып қалған 5 574 үлескер күтiп отырған 21 үйдi толық бiтiру үшiн әкiмшiлiк тарапынан құрылған «Жаңа құрылыс» ЖШС-iне 17,2 млрд теңге бөлiндi. Адамдарды алдап кеткен алаяқ компаниялардың басшыларының кейбiрi жауапқа тартылды. Кейбiрiнiң iсi сотта қаралып жатыр. Осы шаралардың арқасында үлескерлiк тұрғын үй құрылысының қатары 99-ға азайып, 15 401 үлескердiң үмiтi қайта тұтанды. Үкiмет алға қойған мәселенi iлiп әкете алған Астана қалалық әкiмдiгi тұрғын үй құрылысы нарығын дер кезiнде тиiмдi де, қисынды жолға сала бiлдi. Бiр жағынан құрылыс дағдарысының өзiндiк жақсы жағы да болды. Жылжымайтын мүлiктiң бағасы 2006 жылға қарағанда, бүгiнде едеуiр төмендедi. Құрылыс нарығында орын алған оңды-солды ойқастаулардың арты неге соққанын көрген басқалар аяқ тартты, арынын тежеп, аптығын басты. Ең бастысы, құрылыс саласын реттейтiн және құрылыс салушының шаруашылық және құрылыс iстерiне мемлекеттiк бақылау және құрылысшы мен үлескер арасындағы қарым-қатынасты нақты реттейтiн, сондай-ақ кәсіби даярлығы мықты құрылыс компанияларын ғана тарту жөнiндегi заңдық базаны жетiлдiруге сабақ болды. Мұның сыртында Мемлекеттiк тұрғын үй құрылысы аясындағы жұмыс та қатар жүргiзiлдi. Бүгiнге дейiн елордада 155 мыңнан астам шаршы метр қолжетiмдi тұрғын үй алаңы пайдалануға берiлдi. Қалада Мемлекеттiк тұрғын үй бағдарламасын жүзеге асыру үшiн Мемлекет басшысы құрылысты аяқтай алмаған компаниялардан пәтерлердi сатып алу жөнiнде тапсырма берген болатын. Соның нәтижесiнде 6203 пәтер әртүрлi топтағы азаматтарға бөлiнiп берiледi. Бұл пәтерлердің 4 203-і қаланың коммуналық меншігіне берілетін болады. Биыл пайдалануға тапсырылатын тұрғын үйлерді 1996 ? 2003 жылдар аралығында кезекте тұрғандарға арендалық үй ретінде берілмекші. Елбасы өткен жылдың соңында кезекте тұрған, бюджет қызметкерлері мен соғыс ардагерлерi қатарынан 569 адамға, сондай-ақ таяуда тағы да құқық қорғау саласының бір топ қызметкерлері мен көпбалалы аналар мен соғыс ардагерлерінің, отбасы және әлеуметтік жағдайы төмен жалғызілікті адамдарды қосқанда, 50 адамға жаңа пәтердiң кiлтiн тапсыру рәсiмiне қатысты.
Соңғы жаңалықтар