Елордада пиротехниканы заңсыз сату фактісі тіркеліп, 700-ден астам бұйым тәркіленді

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жаңа жыл қарсаңында елордалықтарға пиротехника бұйымдарын қауіпсіз қолданудың ережесі түсіндіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада пиротехниканы заңсыз сату фактісі тіркеліп, 700-ден астам бұйым тәркіленді

«15 желтоқсан мен 12 қаңтар (2022 жыл) аралығында елордада «Пиротехника» жедел профилактикалық шарасы өтіп жатыр. Мақсат – пиротехникалық бұйымдарды қолданған кезде қауіпсіздікті сақтау. Аталған шара басталғалы қала аумағынан пиротехниканы заңсыз сатудың 7 фактісі тіркеліп, нәтижесінде 700-ден астам пиротехникалық бұйым тәркіленді. Өздеріңіз білесіздер, пиротехниканы дұрыс қолданбаса оның арты өртке ұласуы немесе адамның денсаулығына зиян келтіруі әбден мүмкін. Ондай жағдайлар бар», - деді Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің ерекше тапсырма жөніндегі аға инспекторы Азамат Әмен елорда әкімдігінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.

Полиция өкілі пиротехниканы қолдануға сақ болуға және оны балаларға бермеуге шақырды.

«Пиротехникалық бұйымдарды қолданудағы қарапайым ережелер адамның өмірін құтқаруы мүмкін. Сондықтан қарапайым ережелерді сақтауға шақырамыз. Жалпы отшашуды сатуға арнайы рұқсаты бар дүкеннен алған абзал. Пиротехниканың қолдану мерзімі болатынын да ұмытпайық. Тағы бір маңызды жайт, сатушы пиротехниканы қолдану туралы кеңес беруге міндетті. Сонымен қатар тұтынушы сатып алушыдан полиция департаментінің рұқсатының барын сұрауға құқылы», - дейді ол.

Бұған дейін қалалық ТЖД өкілі елордада жаңажылдық кеш өткізетін мейрамхана иелеріне қауіпсіздік ережесін түсіндірді.