Елордада Президент кубогының ширек финалына шыққан теннисшілер анықталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордада Бейбіт Жукаев пен Денис Евсеев Президент кубогы аясында өтіп жатқан ATP Challenger турнирінің ширек финалына шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

Қазақстан теннис федерациясынан мәлім еткеніндей, Ақтаудан түлеп ұшқан Б.Жукаев екінші айналымда Израиль өкілі Даниэль Цукерманды 6:4, 5:7, 7:6 (7:4) есебімен тізе бүктірді.

Үшінші, шешуші сетте Бейбіт тай-брейкте 0:4 есебімен ұтылып жатып, жеңіске деген жігерін таныта білді.

Б.Жукаев жартылай финалға шығу үшін әлемнің бұрынғы 33-ракеткасы, өзбекстандық Денис Истоминмен таласады.

Алматы теннис мектебінің түлегі Д.Евсеев тартысты матчта жарыстың 6-ракеткасы, ресейлік Евгений Карловскийді жолдан тайдырды - 3:6, 6:2, 6:4.

Д.Евсеев ширек финалда бразилиялық Габриэль Декампспен шеберлік байқасады. Ол қазақстандық Михаил Кукушкинді ұтып кетті.

Әйелдер арасында ITF World Tennis Tour W60 додасында Жібек Құламбаева бастапқы кездесуін израильдық Шавит Кимчимен сәтті өткізді - 6:1, 1:6, 6:3.

Жібектің келесі қарсыласы - оңтүстіккореялық На Ли Хань.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Юлия Путинцеваның Палермо турнирін сәтті бастағанын жазған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар