Елордада Республика күніне орай қандай іс-шаралар өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – 25 қазан Республика күні мерекесіне орай елордада өтетін іс-шаралар белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада Республика күніне орай қандай іс-шаралар өтеді

«Биыл Мемлекет басшысы Республика күні мерекесін қайта жаңғыртып, оған «ұлттық» мәртебесін берді. Ұлттық мереке тұжырымдамасы аясында қалалық іс-шаралар жоспары бекітілді. Республика күніне орай қалада 200-ден астам түрлі форматтағы шара ұйымдастырылады. Оның жартысы өтті. Сонымен қатар әр ауданда түрлі салада қызмет етіп, еңбегі сіңген мамандар мен ерлік жасап ел ықыласына бөленген азаматтар марапатталады», - деді Астана қалалық ішкі саясат басқармасының басшысы Дәурен Бабамұратов әкімдікте өткен баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ, басқарма басшысының мәлімдеуінше мереке қарсаңында жаңа тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар және спорттық кешендер пайдалануға беріледі.

«Сол сияқты дөңгелек үстел, дебат, көрме, танымал тұлғалармен кездесу және шығармашылық байқаулар ұйымдастырылып жатыр. Іс-шаралардың қатарында мерекелік концерт пен жас суретшілердің көрмесі де бар», - дейді ол.

Оның айтуынша, бүгін елорданың барлық білім мекемелерінде Республика күні мерекесіне орай салтанатты шара өтіп жатыр.

Одан бөлек, мемлекеттік әнұранды жаппай орындау акциясы өтеді.

Мерекес қарсаңында спорттық шаралар да ұйымдастырылмақ.

Атап айтқанда, 24-25 қазанда футбол федерациясы және теннис орталығымен бірлесіп балалар арасында жарыс өткізу жоспарланған.

Сонымен қатар «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенінде ат жарыстар өтеді.

Осы күндері «Қазанат» ат спорты кешенінде бәйге өтеді. Аламан мен топ бәйгеден жарысқа еліміздің 11 өңірінен 70 шабандоз қатысады.

Оның ішінде Алматы, Шымкент, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау, Алматы, Павлодар, Түркістан және Жетісу облысынан қонақтар келеді деп күтілуде.

Айта кетейік, Астанада Республика күніне орай мерекелік отшашу болады.


Фото: i.stopcor.org