Елордада республикалық ақсақалдар форумы өтіп жатыр

Форумға ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР Мемлекеттік хатшысы Хатшылығы меңгерушісінің орынбасары Ержан Байтілес, Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев және ақсақалдар кеңесінің мүшелері Мырзатай Жолдасбеков, Өмірзақ Озғанбаев, Мұрат Жұрынов, Жабал Ерғалиев сынды қоғам қайраткерлері мен республиканың түкпір-түкпірінен белсенді ақсақалдар мен облыстардың бас имамдары келді.
Жиын қасиетті Қаңтар қасіретінде мерт болған қазақстандықтардың рухына Құран аяттарын бағыштаумен басталды.
«ҚМДБ биылғы жылды «Ислам – ынтымақ пен бірлік діні» деп жариялады. Осы жыл аясындағы жұмысымызды ел ынтымағы үшін, бірлігі үшін жүргізетін боламыз. Бүгін мүфтият ғимаратында «Қариялар – ел қазынасы» атты І ақсақалдар форумы өтіп жатыр. Әр кезде ақсақалдар еліміздің қазынасы болған, біз ақсақалын сыйлаған тәрбиелі ұлттың ұрпағымыз. Осы қариялардың өмірлік тәжірибесін, білімін жастарға дұрыс тәрбие беруде, имандылықты дамытуда, салт-дәстүріміз бен ана тілізімізді кең насихаттауда пайдалануды жоспарлап отырмыз», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы.
Оның айтуынша, жыл басында ҚМДБ жанынан Ақсақалдар кеңесі құрылған. Оған жасы алпыстан асқан және ел алдында абыройлы-сыйлы қариялар шақырылады. Форумға да делегат ретінде өңірлерден 80-ге жуық ақсақал келген.
«Сонымен қоса, қазір әлемдегі өзекті мәселелердің бірі – түрлі діни ағымдар. Қазақ халқының салт-дәстүрі әрдайым Ислам дінімен сабақтас болып жасап келеді. Сол қазақтың салт-дәстүрін насихаттауда, діни ағымдардың алдын алуда ақсақалдармен бірігіп жұмыс істейміз деген ойымыз бар. Бүгінгі форумда «Қазіргі ел ақсақалардары, жалпы қазақ ақсақалының тұлғалық келбеті қандай?» деген тақырыпта бірнеше баяндама болады. Осы форумнан кейін бата беру үлгілері жөнінде ақсақалдармен жиындар өткізіп, республикалық бата беру сайысын өткізу жоспарда бар. Қазір ақсақалдардың да дұрыс бата беруі, пәтуәлі сөзі болуы өте қажет болып отыр. Бүгінгі форумда осы мәселелерді айтамыз. Барлық ұсыныс-пікірлер жинақталып, келесі форумдарда нақты құжаттар қабылдаймыз деген ниет бар», - деді Н. Тағанұлы.