Елордада шорт-тректен Қазақстан чемпионаты өтеді
АСТАНА. KAZINFORM - Астанада 11-15 қыркүйек аралығында шорт-тректен Қазақстан чемпионаты өтеді.

Республикалық біріншілікте спортшылар жеке қашықтық бойынша сынға түседі. Нәтижесінде алдағы халықаралық додаларға баратын құрама жасақталады.
Шорт-тректен мемлекеттік жаттықтырушы Азамат Алиевтің айтуынша, оған еліміздің 10 өңірінен 100-ден астам спортшы келеді.
Ел біріншілігіне Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Абзал Әжғалиев, Яна Хан, Алина Ажғалиева, Мадина Жанбусинова, Ольга Тихонова секілді ұлттық құрама сапында әлемдік додаларда қатысып жүрген шорт-трекшілер бар.
Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, алдағы күзден бастап 2026 жылы Италияның Милан қаласында өтетін қысқы Олимпиада ойындарына қатысу үшін қажетті ұпай жинайтын лицензиялық жарыстар басталады.
Еске салсақ, бұдан бұрын Олимпиадаға іріктеу кезеңіне қатысу үшін қазақстандық шорт-трекшілер маңызды маусымға дайындықты бастап кетті.