Елордада шұғыл медициналық көмекке арналған халықаралық конференция өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Еуразиялық шұғыл медицина қауымдастығының III съезі аясында «Шұғыл медицинаны дамытудың заманауи тұжырымдамалары мен перспективалары» атты халықаралық конференция өтеді.

 Елордада шұғыл медициналық көмекке арналған халықаралық конференция өтіп жатыр
Фото: Ризабек Нүсіпбек

- Бүгінгі күннің маңызды оқиғаларының бірі - Ұлттық шұғыл медицина үйлестіру орталығының Түркі мемлекеттері ұйымына мүше мемлекеттер арасында шұғыл медициналық көмек көрсету саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қоюы болатынын атап өткім келеді. Меморандумға қол қою шұғыл медициналық көмек жүйесін дамыту, кәсіби тәжірибе алмасу және инновациялық шешімдер енгізу жолындағы маңызды қадам болмақ, - деді халықаралық іс-шараны ашқан Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов.

Осы орайда вице-министр Қазақстан жерінің ұланғайырлығына және халықтың қоныстану тығыздығы әртүрлі болып келетіндігіне назар аудартты. Ал бұл жайт шұғыл медициналық көмек көрсетуде белгілі бір қиындықтар тудырады. Сондықтан елімізде логистиканың заманауи модельдері, телемедициналық шешімдер енгізіліп, қызметкерлердің біліктілігін арттыру үздіксіз жүргізіліп келеді.

- Шұғыл медициналық көмек жүйесін дамыту – денсаулық сақтау саласындағы мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі. Біз халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, заманауи технологияларды енгізуге, кадрларды даярлауды жетілдіруге және кезек күттірмейтін көмектің сапасы мен әрбір азамат үшін қолжетімділігін арттыруға мүдделіміз. Конференция нәтижелері Қазақстандағы шұғыл медицина жүйесін одан әрі нығайтудың негізі болады деп сенемін, - деді түйіндеді сөзін ол.

Айта кетейік, іс-шараға отандық және Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Үндістан, Түркиядан келген шұғыл медициналық көмек саласындағы халықаралық сарапшылар қатысып отыр.

Осыған дейін еліміздің денсаулық сақтау жүйесінде мейіргерлердің рөлі едәуір артқаны туралы жаздық.

 

Соңғы жаңалықтар