Елордада студенттер арасында өткен ІТ байқаудың жеңімпаздары анықталды

«Жарысқа қатысуға еліміздің барлық өңірінен 107 команда өтініш берді. 230 студенттен құралған 72 команда финалға жолдама алды. Жүлде қоры 3,5 миллион теңгені құрады. Жеңімпаз студенттер ақшалай сыйлықтармен қоса, Daryn online, BTS Education, EDUS және Mail.kz және басқа да қазақстандық IT-компанияларда жұмысқа орналасу мүмкіндігіне ие болды. Сонымен қатар кейбір цифрлық шешімдер өз инвесторларын тауып үлгерді», - деп жазды Асхат Аймағамбетов Facebook парақшасында.
Министрдің айтуынша, байқау қатысушылары білім беру саласы бойынша өте қызықты цифрлық жобаларды ұсынған.
«Қазылар алқасының шешімімен Nazarbayev University және Astana IT University студенттері жеңімпаз атанды. Екінші орынды Назарбаев университетінің тағы бір командасы жеңіп алды. Үшінші орын Ғ.Дәукеев атындағы Алматы энергетика және байланыс университетінің, Suleyman Demirel University және Astana IT University студенттерінен құралған командасына бұйырды», - дейді ведомство басшысы.
Сондай-ақ, Асхат Аймағамбетов жеңіпаздарды құттықтап, алғысын жеткізді.
Бұған дейін елордада студенттер арасында ІТ саласы бойынша байқау өтіп жатқанын хабарлаған едік.