Елордада студенттік құқықтық тәртіп отрядтары іске кірісті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы ІІД және Жастар саясаты басқармасының бастамасымен жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу және жолын кесу, адамгершілік және құқықтық мәдениетті арттыру мақсатында жалпықалалық «Студенттік құқықтық тәртіп отрядтары» жобасы қолға алынды.
СҚТО қатары астаналық ЖОО мен колледждердің студенттерінен жасақталған. Әсіресе, заң факультеттерінің студенттері өз білімдерін тәжірибе жүзінде пайдалануға мүмкіндік алады, деп хабарлайды astana.kz.
Бір жыл ішінде студенттік отряд мүшелері халық арасында ҚР заңнамасын түсіндіру және құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша ақпараттық жұмыстар жүргізеді. Сонымен қатар, студенттік отрядтар қоғамдық орындар мен студенттік жатақханаларда рейд өткізіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін жастармен кездеседі.
Айта кетейік, биылдан бастап СҚТО үздік мүшелері «Жас сақшы» озаттық белгісімен марапатталатын болады.
«Полиция қызметкерлеріне қоғамдық көмекшілер қажет, осындай талапты жастардың арқасында ондаған қылмыс пен әкімшілік құқық бұзушылықтар ашылады», - дейді қалалық Басқарма өкілдері.