Елордада су басуы мүмкін 25 учаске анықталды
«Елордадағы су тасқыны жағдайы мәселесі ерекше бақылауда. Төтенше жағдайдың алдын алу үшін 1 сәуірде қалалық жедел штаб құрылды. Сонымен қатар аудандық әкімдіктерде су тасқынына қарсы комиссиялар жұмыс істейді, қар, арық және нөсер желілерін тазалау бойынша кең ауқымды профилактикалық жұмыс жүріп жатыр. 4 сәуірдегі жағдай бойынша қалада жалпы ұзындығы 53,7 шақырым болатын арық тазаланды. Қазіргі уақытта елорда аумағында су тасуы мүмкін деген 25 учаске белгіленді», - деді Бауыржан Бейсенқанов елорда әкімдігінде онлайн өткен баспасөз мәслихатында.
Атап айтқанда, Алматы ауданы бойынша – 7 учаске, Байқоңыр – 5, Есіл – 9 және Сарыарқа ауданында – 4 учаске.
Сондай-ақ, басқарма басшысы төтенше жағдайға мамандар мен техниканың дайын екенін жеткізді.
«Су тасқыны қаупі бар учаскелерде 169 маман, 103 техника, 34 мотопомпа мен 2 инженерлік және су айдау қайығы дайын. Тұрғындардың өтініштерін 112 нөмірлі құтқару және «Ikomek» қызметі қабылдайды. Су басу туралы хабар келіп түскен жағдайда мамандар оқиға орнына жедел түрде жетеді», - дейді ол.
Одан бөлек, ТЖД өкілі су тасқынына қарсы іс–шаралар аясында шшамамен 10 000 тонна инертті материалдың (7300 дана қап) дайын тұрғанын жеткізді.
Оның ішінде 9300 тонна ұсақ тас, 155 тонна құм және 500 тонна құм-тұз қоспасы бар.