Елордада су қауіпсіздігі және трансшекаралық суды пайдалану мәселелері талқыланып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Елордада Арал саммиті аясында «Су қауіпсіздігі және трансшекаралық су пайдалану: сын-қатерлер мен шешімдер» атты халықаралық конференция өтті.

- Болашақта су қақтығысы болады деп жатыр, біз оны күтіп отырмай, бүгіннен бастап келіссөз жүргізу керек, алдымен аймақтық келісімге келуіміз қажет. Бізге жер беті суларының 80 пайызы көрші елдерден келеді, яғни Қытайдан, Өзбекстаннан, Ресейден келеді. Біз ол елдерден ынтымақтастықта жұмыс істесек, жаңа технологияны бірлесіп пайдалансақ, су бәрімізге жетеді. Пайдаланған суды қайта өңдеп тағы тұтынсақ үнемдейміз. Бүгінгі жиынға ғалымдарды да шақырып отырмыз, суды үнемдеуде ғалымдардың көмегі керек. Сонымен қатар қаржы орталықтары өкілдерін шақырдық, -деді BAYTAQ жасылдар партиясының төрағасы Азаматхан Әміртаев.

Халықаралық конференцияға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Ауғанстан, Ресейден меймандар қатысты.

- Келер жылы Мемлекет басшысының бастамасымен аймақтық климаттық саммит өтеді, оған Орталық Азия елдерінің басшылары қатысады деп күтіліп отыр. Сол саммитте осы Арал мәселесі президенттердің назарына ілінсе екен деген оймен бүгінгі іс-шараны ұйымдастырып отырмыз. Былтыр біз Түркістанда көрші елдердің жасылдар партиясымен бірігіп «Арал» саммит деген халықаралық қозғалыс құрдық, сол жерде экологиялық мәселелерді көтеріп жатырмыз, - дейді ол.

Мамандар Арал тағдыры екі мәселеге келіп тіреліп тұрғанын айтып отыр, бірінші ғылыми зерттеу, екінші қаржыландыру.
Еске салсақ, жыл басында Мәжілістің қарауына Арал теңізінің жер қойнауын пайдалануға тыйым салатын заң жобасы түсті.