Елордада такси жүргізушісін өлтірген қаныпезерлер құрықталды

Бұл туралы бүгін брифингте Астана қалалық ішкі істер департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат бөлімінің бастығы Нұрділдә Ораз мәлім етті.
30 жастағы такси жүргізушісінің мәйіті зорлық-зомбылық көрсету белгілерімен 7 мамыр күні табылған болатын. Алайда қаныпезерлер ұзаққа дейін жасырына алмады. Жедел ақпарат түсісімен, полицейлер такси жүргізушісінің көлігін база арқылы анықтап, оған шұғыл түрде іздеу салды. Операция барысында қылмыскерлер 3 сағаттан соң айдап әкетілген көлікпен кетіп бара жатқан тұсынан ұсталды.
Н. Ораздың айтуынша, сол күні «М» есімді азамат өзінің жеке көлігімен түні бойы такси қызметін көрсетіп жүріп, көлік тоқтатып тұрған екі ер адамды апарып тастауға келісімін берген.
«Жолаушылардың біреуі Астана қаласында тұрады, екіншісі елорда маңындағы Астраханка елді мекенінен. Жолаушылар қылмыстық келісімге келіп, тонау мақсатында такси жүргізушісіне шабуыл жасауды ұйғарады. Біреуі артқы орындықта отырып, жүргізушіні қылқындырады, ал оның сыбайласы алдыңғы жақта отырып, оның аяқтарын ұстап тұрады. Осылайша, олар өлген адамның мәйітін далаға тастап, оның ұялы телефонын алып, көлігін айдап әкеткен»,-дейді оқиғаның мән-жайына тоқталған Н. Ораз.