Елордада талантты студенттер концерт өткізді

Мәдени шара елорданың жастар саясаты басқармасының қолдауымен өтті. Қала тұрғындары мен қонақтары үшін «Студенттер» саябағында ұйымдастырылған концерт тегін.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, аталған концерттің ерекшелігі - көпке кеңінен танымал емес, бірақ талантты студенттер өнер көрсетті.
Шараны өткізудегі тағы бір мақсат – өнерпаздардың шығармашылығын ел арасында таныту және насихаттау.

Сонымен қатар мерекелік іс-шараға жастар арасында танымал медиа өкілдері де шақырылған.
«Біздің мақсат – қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлау. Сонымен қоса жас таланаттардың шығармашылығын көпшілік назарына ұсыну арқылы, оларға қолдау көрсету. Сондай-ақ, концертке көрермендерді кеңінен тартып, қызықты өтуі үшін жастарға кеңінен танымал тик-токерлерді шақырдық. Сол арқылы концерт аудиториясын ұлғайта түсу. Тағы бір айта кететін жайт, студенттердің қатысуымен өтетін көптеген іс-шаралар университет қабырғасында, яғни тар ауқымда өтеді. Осы орайда студенттер қауымдастығының қалалық және республикалық деңгейде де мерекелік шара ұйымдастыра алатындығына көзіміз жетті», - дейді концертті ұйымдастырушы Дастан Сембеков.

Оның айтуынша, концерт барысында көрермендер арасында түрлі ойын, байқаулар өткізілген.
Айта кетейік, бүгін түсте ЭКСПО алаңында ашық аспан астында мерекелік концерт өткенін айтқан едік.
Шараны Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік драма және комедия театры ұйымдастырды.



