Елордада «Тәуелсіздік шежіресі» тарихи-деректі еңбектің 10 томының тұсаукесері өтті (ФОТО)
Мемлекет басшысы Н.Назарбаев 2008 жылдың 27 мамырында бұқаралық ақпарат құралдарының басшыларымен кездесуінде - тілдің мәртебесін, ұлттың рухын көтеретін мәселелерге ерекше назар аударып: «Біздің алдымыздағы үлкен міндеттің бірі - Тәуелсіздіктің толыққанды шежіресін жазу» деген болатын.
Осы Елбасының ойынан бастау алған бұл еңбектер 2008 жылдан бері жарық көріп келеді. «Қазақстан Республикасы. Тәуелсіздік шежіресі» жобасы еңбектері - тәуелсіз еліміздің жаңа тарихымен бірге Қазақстан мемлекеттігінің негізін қалаушы, тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың қоғамдағы, саясат пен экономикадағы, жаһандық ахуалды талдаудағы алатын орнын, халық алдындағы тарихи парызын терең сезіне білетін азаматтық жауапкершілігін, тұрақты даму мен ұлтаралық татулық идеясын Қазақстан аясында ғана жүзеге асырып қоймай, әлемдік деңгейге көтерген көрегендігін, кемел қасиеттерін, қажырлы қайраткерлігін ашып көрсететін көп томдық шығарма.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа тарихына тікелей қатысты бұл еңбектерде Қазақстан Республикасының 1991 жылғы тәуелсіздік алғаннан бергі қабылданған ресми құжаттары мен шешімдері рет-ретімен беріліп, «Тәуелсіздік шежіресі», «Елмен сырласу», «Елбасы жолдады - Елі қолдады», «Әлем Қазақстан туралы, Әлем Президент туралы» деген атаулармен ұсынылған.
«Тәуелсіздік шежіресі» - әлеуметтік бағдарлы мемлекет орнатудың қазақстандық моделін және еліміздің дүниежүзілік қауымдастықтан лайықты орын алуына құқықтық негіз қалайтын әр кезең бойынша топталған заңнамалық актілерді қамтитын көптомдық шығарма. Онда 1991 жылдан 2008 жылға дейін Елбасы қол қойған мемлекеттік маңызы бар құжаттар - Жарлықтар, Заңдар, Өкімдер, Қаулылар енгізілген. Басылым орыс және қазақ тілінде жарияланып, барлығы 6 томды құрайды.
«Елбасы жолдады - елі қолдады» -басылымында тәуелсіз елімізде нарықтық экономика мен демократиялық қоғам құруға бағытталған реформаларды батыл жүргізіп, Қазақстанның заман талабына сай ілгерілеуіне жол бастаған, мемлекеттің қалыптасуы мен дамуына әлемдік қауымдастық мойындаған зор үлес қосқан Елбасы Н.Назарбаевтың 1996-2008 жылдар аралығындағы Қазақстан халқына Жолдаулары толық қамтылған. Қазақ және орыс тілінде басылған бұл еңбек 2 томды құрайды.
«Елмен сырласу» - басылымында 1991-2001 жылдар аралығындағы Елбасының Қазақстан Республикасы Парламенті отырыстарында, баспасөз конференцияларында, ел алдында сөйлеген баяндамалары, тікелей эфир арқылы еліміздің көркеюі жолындағы көкейкесті мәселелерді көтерген сөздері, ел және шетел журналистеріне берген сұхбаттары қамтылған. Қазақ және орыс тілдерінде шығарылған бұл еңбектер 21 томды құрайды.
«Әлем Қазақстан туралы. Әлем Президент туралы» - көптомдықтарында1991-2001 жылдардағы әлемдік ақпарат көздерінде жарияланған Қазақстанның дүниежүзілік қауымдастыққа кірігу үрдісіне тән оқиғалар, айғақтар, дәйектер хронологиялық тәртіппен берілген. Қазақ және орыс тілдерінде шыққан бұл басылым 21 томды құрайды.
Жобаның авторы - мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор Мырзатай Жолдасбеков. Ғылыми кеңесші - ҚР Президенті Кеңсесінің басшысы, саясат ғылымдарының докторы Махмұд Базарқұлұлы Қасымбеков. Жалпы редакциясын басқарған - Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Ерлан Бәтташұлы Сыдықов.
Көптомдықтарды Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қазақстан Республикасы. Тәуелсіздік шежіресі» зертханасының ғалымдары дайындаған. Кітаптарды көркем безендіріп оқырман қауымға ұсынған - «Күлтегін» баспасы.
«Нұр Отан» партиясының қолдауымен таныстырылымы өткізілетін бұл еңбектердің 40 томы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің мемлекеттік бағдарламасы бойынша, биылғы 10 томы «ERG Көмек» қоғамдық қорының демеушілігімен және «KazFond» қоғамдық жастар қорының серіктестігімен жарық көрген. Келешекте тәуелсіз мемлекеттігіміздің шежіресіне, жаңа заманның - жаңа тарихына айналатын бұл көптомдықтар өз жалғасын табатын болады.
Еуразиялық Топтардың Деректер кеңесінің (ERG) төрағасы Александр Машкевич атап өткендей: «Еуразиялық Топтың атынан осы маңызды көп томды басылымның жарық көруіне қатысты болғанымызға қуанышты екенімді атап өткім келеді. Бұл кітаптарда Қазақстанда Тәуелсіздік күнінен бастап қабылданған барлық ресми құжаттар мен шешімдер хронологиялық тәртіпте ұсынылған. Бұл еліміздің тарихының ең жаңа тарихы және Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбек жолының шежіресі. Кітаптың тұсаукесері республикамыздың басты мерекесі - Қазақстанның Тәуелсіздік күнінің қарсаңында өтіп жатқаны ерекше мәнді».
Бұдан басқа, «ERG Көмек» қайырымдылық қоры «Нұр Отан» партиясының әлеуметтік маңызды жобаларды іске асыруға, жекелеп алғанда Ұлы Отан соғысының батырларын есте сақтауға мүддесін білдірді. «Ардагерлерді ардақтайық» жобасының шеңберінде «Нұр Отан» партиясының «ERG Көмек» қайырымдылық қорымен бірлесіп, Қазақстанның Анимацияны қолдау қорымен бірлесіп «Қазақстандықтар - Кеңес Одағының Батырлары» атты Қазақстан тарихындағы бірінші бейне энциклопедиясын дайындау мен шығару жоспарлануда. Еуразиялық Топтың (ERG) осындай жобаларды іске асыруда үлкен тәжірибесі бар, жекелеп алғанда компания бірнеше жылдар бойы «Батырлар жолымен» атты халықаралық патриоттық жобаны жүзеге асыруда.