Елордада Тәуелсіздіктің 20 жылдығына арналған кітап көрмесі ашылды

АНА. 10 ақпан. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Астанада ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Көзімнің ішінде Көк Туым желбіреп...» атты кітап көрмесі өтуде.
None
None

Шараның басты мақсаты - Қазақ елінің сан ғасырлық қалыптасу кезеңін, мемлекеттілігін, жаңа дәуірдегі жолын көрсететін сөрелердегі жылнама кітаптар арқылы жастардың отансүйгіштік сезімдерін нығайтып, Қазақстан туралы білімдерін толықтыру, елдің жағымды бейнесін қалыптастыру. «Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы сынды ұлық мерекені әрбір отандасымыз жан жүрегімен сезінулері тиіс»,-дейді кітапхана қызметкерлері.

Бұл көрмеде соңғы кездері жарық көрген әдебиеттер, басылымдар, электрондық ресурстар қойылған. Көрме «Тарих толқынында», «Қазақ Тәуелсіздігінің сәулетшісі», «Қазақстан жаңа жетістіктер жолында», «Еліміздің басты байлығы - Адам», «Әлем картасы алдында», «Бәрі сенің, жан Отан, қалауыңа!» деген бірнеше тараудан тұрады:

Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме жыл бойына жалғасып, әртүрлі жаңа кітаптар және электрондық қорлармен толықтырылып отырады.

«Қазақстанның өзі жүріп өткен 20 жылдық жолы - шежірелі тарихқа айналды. Сол шежірені хатқа түсіретін ең құнды дүниенің бірі - кітаптар. Тәуелсіздікті жасаған тұлғалардың, сол үшін күрескен ерлердің, тұлғалы азаматтардың жарқын, бедерлі істері бүгінгі кітаптарда, деректерде, мәліметтерде қатталған. Егемендіктің 20 жылдығына арналған көрмеміз соның барлығынан сыр шертеді»,-деді ҚР Мәдениет министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Бауыржан Омаров.

Соңғы жаңалықтар