Елордада таяу күндері қоғамдық көліктердің қозғалысына арналған жеке жолақтар ашылады
Ведомствоның хабарлауынша, бүгінгі күні Астана қалалық ІІД Әкімшілік полиция басқармасы мен «Астана ЛРТ» ЖШС және «СМЭУ-Алматы, Астана» ЖШС мердігер компаниялары бірлесіп жолақтарды сызу және жол белгілерін қою жұмыстарымен айналысуда.
Жобаның бірінші кезеңі Абылай хан даңғылынан бастап Сарайшық көшесіне дейін Б. Момышұлы даңғылы бойымен және Ш. Уәлиханов көшесінен Сарыарқа даңғылына дейін Бөгембай даңғылы бойымен жасалады.
Астана қ. ІІД ӘПБ басшысының орынбасары Елжан Шөпековтің айтуынша, аталған жолақта автобустарды басып озуға немесе жолын кесуге болмайды. «Мұндай жолақтарды іске қосу жүргізушілердің тәртібін күшейтіп, көлік апаттарын азайтуға және жалпы қозғалыстың қауіпсіздігін арттыруға көмегін тигізеді», - дейді ол.
«Астана LRT» компаниясының көлік бойынша директоры Рустам Халилевтің айтуынша, аталған шара қоғамдық көліктердің тезірек қозғалуына және интервалын 30 пайызға дейін қысқартуға, автобустардың жүру кестесін қатаң сақтауға, қала кептелісін азайтуға септігін тигізеді.