Елордада ТМД астаналары мен ірі қалалары халықаралық ассамблеясының сессиясы өтеді

Сессияның жұмысына ТМД Атқарушы комитеті мен ҚХА-ға мүше 28 қаладан 100-ге жуық адам қатысады. Сондай-ақ сессия отырысына 5 халықаралық бірлестіктің, 7 ғылыми және сараптау ұйымының өкілдері қатысады.
Сессия қазіргі заманғы жаһандық қауіп-қатерлер жағдайында қаланың кешенді тұрақты дамуын қамтамасыз ету бойынша инновациялық шешімдерді іздестіруге арналады. Оның бағдарламасы пленарлық жиналыс пен тақырыптық екі секциядан тұрады: «Қаланың тұрақталығын қамтамасыз ету үшін ақылды технологияларды енгізу» және «Заманауи қалалану жағдайында көлік жүйесін басқару».
Оған қоса, 2016-2017 жылдар аралығындағы Ассамблеяның қызметі жөнінде есеп беріледі, ҚХА басшылық құрамы сайланады.
Онымен бірге сессия қатысушылары ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесін, Астананың индустриалды саябағын, мәдени, білім және денсаулық нысандарын аралайды.
ҚХА - қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша бірлескен шараларды ұйымдастыру үшін 1998 жылдың 3 қыркүйегінде құрылған коммерциялық емес қоғамдық ұйым.
Қазіргі уақытта оның құрамына ТМД 9 елінің 87 қаласы, оның ішінде Қазақстанның 9 қаласы кіреді.
Айта кетейік, Астана 2004 жылдың 17 тамызынан бастап бұл ұйымға мүшелік етеді.
Астана қаласында ҚХА сессиялары бұған дейін үш рет өткен болатын - 2001, 2005 және 2008 жылдары.