Елордада төтенше жағдай режимін бұзған 200 адам жазаланды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында төтенше жағдай ережесіне бағынбаған 200 адам жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы полиция департаментінің басшысы, елорданың коменданты Ержан Сәденов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордада төтенше жағдай режимін бұзған 200 адам жазаланды

«Құрметті қала тұрғындары, елордада ахуал тұрақты. Тәулік ішінде 8 қылмыс тіркелді. 83 жол-көлік оқиғасы болып, салдарынан 2 адам жарақат алды. Сол сияқты 464 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды. Оның ішінде 183 - қалада тұру ережесін бұзу бойынша, 36 - қоғамдық орында ішімдік ішу және көші-қон ережесін бұзу бойынша 18 дерек тіркелді», - деді Ержан Сәденов Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, елорда аумағында 6 блок-бекет орнатылып, тәртіп сақшылары қала қауіпсіздігін қамтамасыз етіп тұр.

«Төтенше жағдай режимін бұзған 200 адам жауапқа тартылды. Атап айтқанда, 28 тұрғын әкімшілік қамауға алынды», - дейді ол.

Бұған дейін елорда коменданты төтенше жағдай режимі жарияланған күннен бастап полицейлер, ҚР Ұлттық ұланы мен Қорғаныс министрлігінің әскери қызметшілері тәулік бойы қала қауіпсіздігін қамтамасыз етіп тұрғанын айтқан еді.