Елордада Түркі әлемі педиатрларының 10-шы халықаралық конгресі өтіп жатыр

Конгресс аясында БАҚ өкілдеріне сұхбат берген ҚР Денсаулық сақтау министрдің атап өтуінше, бүгінгі алқалы жиын барысында баланың шетінеуін азайту, аурудың алдын алу жұмыстарын жүргізу, балаларға жоғары сапалы көмек көрсету сынды мәселелер жайында келелі әңгіме қозғалып, сонымен қатар қоршаған ортаның бала денсаулығына тигізетін әсері де назардан тыс қалмайды. Түркі тілді халықтардың ішінде әр елдің өздерінің проблемасы бар.
Сұхбат барысында Ж.Досқалиев елімізде сәби шетінеуінің әлі де орын алатын атап өтіп, дегенмен соңғы 5-6 жылда қарағанда ол төмендеп келе жатқандығын баса айтты. «Біз 500 грамм салмақпен дүниеге келген балаларды, яғни 6 айлық балаларды түсік санаушы едік. Соңғы 2,5 жылдан бері біз оны дүниеге келген бала есебіне қосып, сәбиге үлкен көмек көрсетіп жатырмыз. Нәтиже өте жоғары. Мәселен, 500 грамм салмақпен туған балада алғашында тек қана демалу және жүректің соғу рефлексі ғана болады. Біз сол баланың бетін бері қаратып, ата-анасының қолына береміз», деді ол.
Сонымен қатар екі күнге созылатын жиын барысында Қазақстан педиатирия саласындағы өз жетістіктері жайында баяндайтындығын тілге тиек еткен ол, «ондай жетістіктер бізде аз емес. Мәселен, елімізде Арал апаты жағдайында балаларды емдеу, аурудың алдын алу сынды проблемалалармен жұмыс істеудің мол тәжірибесі бар. Дәл осындай тәжірибе басқа елдерде байқалып отырған жоқ. Қазақстан профилактикалық іс-шараларды қалай дұрыс жүргізу керек, ауруды ерте анықтау, емдеу, диагноз қою сынды мәселелерді бірінші баяндауға авторлық құқы бар», деп түйіндеді.