Елордада тұрмысы төмен отбасыларды қолдау бойынша қайырымдылық акция өткізілді

«Бүгін Астанада ғана емес, барша Қазақстан бойынша кәсіпкерлер Жаңа жыл қарсаңында осындай мүмкіндікті пайдаланып отыр, мерекелік көңіл күй қалыптастыру үшін өзгеге жылу сыйлап, отбасыларға көңіл бөлді. Бүгін дүкенге 50 отбасын шақырдық. Бұл көп балалы отбасылар, тұрмысы төмен отбасылардан шыққан балалар», - деді ҚР жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өндірушілер одағының президенті Сәуле Шауенова.
Мерекелік шара қонақтарын маймыл костюмін киген адамдар қарсы алды. Шығармашыл жасөспірімдер тобы балалар мен олардың ата-аналары үшін флешмоб ұйымдастырды, студенттер мен мектеп оқушылары би билеп, жарысқа түсті. Мерекелік шара соңында келген балалардың барлығына тәтті-дәмділер, ал аналарға «Қазақстанда жасалған» маркасымен киімдер таратылды, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
Еске салайық, еліміздегі алғашқы Отандық тауарлар сату орталығы - «УниверMAG.kz» «Қазақстанда жасалған» тауар өндірушілер дүкені Астанада 14 желтоқсанда салтанатты түрде ашылды, дүкен Күмісбеков к-сі, 3а мекенжайы бойынша орналасқан.