Елордада Ұлттық ұланның бастамасымен «Cyber sarbaz» сыныбы ашылды

АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласындағы № 115 мектепте «Жас бүркіт» патриоттық клубының «Cyber sarbaz» сыныбы ашылды. Жоба Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының 5573 әскери бөлімінің бастамасымен қолға алынды.

Елордада Ұлттық ұланның бастамасымен «Cyber sarbaz» сыныбы ашылды
Фото: ҚР ІІМ

Жаңа сынып құрамына 23 оқушы қабылданды. Салтанатты рәсім барысында олар Ұлттық ұланның айрықша нышаны саналатын қызыл-қоңыр жолақ кеудеше, «Жас бүркіт» кеуде белгілері және арнайы куәліктермен марапатталды.

Іс-шарада сөз сөйлеген 5573 әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Аслан Оразалин бастаманың маңызына тоқталды.

– Жастардың ақпараттық қауіпсіздік негіздерін меңгеруі – уақыт талабы. «Cyber sarbaz» сыныбы жас ұрпақтың бойында отансүйгіштікпен қатар тәртіп, жауапкершілік және заманауи білім қалыптастырады, - деді ол.

Жоба аясында оқушыларға патриоттық тәрбие берумен қатар цифрлық сауаттылықты арттыру, ақпараттық қауіпсіздік негіздерін үйрету, киберкеңістіктегі қауіп-қатерлердің алдын алу және құқықтық мәдениетті қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі.

Айта кетейік, бұл бастама білім беру ұйымы мен әскери құрылым арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, өскелең ұрпақты тәрбиелеудің тиімді үлгісін көрсетеді. Ұлттық ұланның елордалық әскери бөлімі қолға алған жоба патриоттық тәрбиені заман талабына сай жаңғыртып, жастардың ел болашағына деген жауапкершілігін арттыруға бағытталған.

Еске сала кетейік, бұған дейін Ұлттық ұланда 7 тілде еркін сөйлейтін полиглот сарбаз әскери міндетін атқарып жүргенін жазғанбыз. 

Соңғы жаңалықтар