Елордада Ұлттық спорт түрлерінен кезекті фестиваль басталды

АСТАНА. ҚазАқпарат – Астанада Ұлттық спорт түрлерінен VI фестиваль басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

«ҚР Ұлттық спорт түрлерінен фестивалі алтыншы рет Астана төрінде бастау алды. Ұлттық спорттың қайнар көзі ұлттық құндылықтар мен жауынгерлік өнерге барып тіреледі. Ғасырлар сынынан өткен мергендік, балуандық, зеректік, ептілік өнерінің бүгінгі қайта жаңғырған бейнесі –ұлттық спорт түрлері. Ұлттық спорт түрлерінен өтетін төртжылдықтың басты жарысын қазір ұлттық спорттың ішкі олимпиадасы деп те атауға болады. Фестиваль соңғы рет 2019 жылы Ақтөбе қаласында өтіп, Түркістан облысы, Астана қаласы, Ақмола облысы үздік атанған болатын», - деді Ұлттық және ат спорты түрлері орталығының директоры Бақдаулет Сәбитов ОКҚ-де өткен брифингіде.

Спикер атап өткендей, фестиваль қорытындысы бойынша еліміздегі ұлттық спортты жоғары деңгейде дамытып отырған үздік 3 өңір анықталады. Фестивальге қатысуға 17 облыс пен 3 қаладан 1 362 спортшы тіркелген.

Ұлттық спорт жанкүйерлері 4-10 күндері Ж.Үшкемпіров атындағы жекпе-жек қазақ күресін, «Qazaqstan» жеңіл атлетика спорт кешенінен асық ату мен тоғызқұмалақ, ал «Аспан» спорт кешенінен жекпе-жек спортын тамашалай алады.

Бұған қоса, көкпар, бәйге, теңге ілу, жамбы ату, аударыспақ, дәстүрлі садақ ату, құсбегілік бойынша сайыстар «Қазанат» ипподромында өтеді.

Еске салайық, биыл ақпанда Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжановты қабылдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын келесі жылы жоғары деңгейде өткізуді тапсырған еді.


Соңғы жаңалықтар