Елордада вандалдар қатаң жазаланды

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл жыл басынан бері бөтеннің мүлкін қасақана жою және зақымдау әрекеттері үшін 160 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Елордада вандалдар қатаң жазаланды
Фото: Астана әкімдігі

«Заң және тәртіп» қағидаты аясында елордада вандализмнің кез келген жағдайына және қоғамдық тәртіпті бұзу фактілеріне жүйелі түрде қарсы күрес жүргізіліп жатыр.

Оның ішінде 93-і қамауға алынып, 67 адамға жалпы сомасы 10,4 млн теңгеден астам айыппұл салынды.

 Вандализмге қарсы шараларды Астана полициясы мен қала әкімдігі Астана прокуратурасының үйлестіруімен жүргізіп жатыр.

Мысалы, 12 тамыз күні сағат 19:20-да «Марден» аялдамасында елорда тұрғыны мас күйінде автобустың есігін әдейі теуіп, әйнегін сындырған. Ол 10 тәулікке қамалды. 

Тағы бір жағдайда 37 жастағы астаналық мас күйінде Ш.Уәлиханов пен Ж.Тархан көшелерінің қиылысындағы «Мехколонна №56» аялдамасының әйнегін сындырған.

Ол да 10 тәулікке қамалды.

26 тамыз күні де осындай оқиға тіркелді. Әйел адам ескерткіштің мүсініне косметикалық заттар (көзге арналған тень) жағып, әдейі бүлдірген. Ол 50 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге міндеттелді.

Еске сала кетейік, қоғамдық орындардағы ұсақ бұзақылық пен өзгелерге құрметсіздік танытып, азаматтардың тыныштығын бұзатын заңсыз әрекеттер үшін 30 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қарастырылған. 

Айта кетелік өткен жылдан бері елордада «Стоп, вандал» акциясы өткізіліп келеді.

Соңғы жаңалықтар