Елордада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға ғимаратты жалға беруші сотталды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Экономикалық тергеп-тескеру департаменті елордада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру үшін ғимаратты заңсыз жалға беру дерегін анықтады. Бұл туралы аталған ведомстводан мәлім болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Тергеу барысында дүкеннің жалға берушісі қасақана, пайда табу мақсатында заңсыз ойын терминалдарын орналастыру үшін ғимаратын бергені анықталды. Дүкеннің жалға берушісі мен бизнесті ұйымдастырушы жауапкершілікке тартылды», - делінген ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі мәліметінде.
Агенттік үй-жайларды жалға берушілердің де ғимаратты заңсыз ойындар немесе автоматтарға ұсынғаны үшін ҚР ҚК-нің 307-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін екендігін хабарлайды.
Жалға берушілер қылмыстық жауапкершіліктен қалай құтыла алады?
1. Коммерциялық үй-жайларды жалдауға бергенде міндетті түрде жалға беру шартын жасаңыз.
2. Үй-жайды немесе коммерциялық аумақты тек заңмен рұқсат етілген қызметті жүзеге асыру үшін ғана жалға беріңіз.
3. Егер сіз үй-жайды жалға берсеңіз, ал жалға алушы онда заңсыз ойын автоматтарын қойса немесе астыртын казино ұйымдастырса – тез арада қаржылық мониторинг органдарына хабарласыңыз.
Ол үшін Агенттіктің ресми аккаунттеріне жеке хабарламада фото және мекенжайды жолдасаңыз немесе +7 (7172) 70-84-78 сенім телефонына хабарлассаңыз жеткілікті.