Елордада жалған полицейдің әрекетінен зардап шеккендер іздестіріліп жатыр

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Елордада өзін құқық қорғау органының қызметкері ретінде таныстырып, адамдарды алдаған жас жігітке қатысты іс тергеліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Елордада жалған полицейдің әрекетінен зардап шеккендер іздестіріліп жатыр

«Нұр-Сұлтан қаласы Полиция департаменті 1992 жылы дүниеге келген М есімді азаматқа қатысты қылмыстық істі тергеп жатыр. Аталған адам құқық қорғау және арнайы органдардың қызметкері ретінде өзін таныстыра отырып, қала тұрғынын алдап, ақша бопсалаған», - делінген Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінде.

Белгілі болғандай, күдікті қала тұрғынына жұмысқа орналастыру мен несие бойынша проблемаларын шешіп беруге уәдесін беріп, өзінің атына автокөлікті тіркеуді, сондай-ақ жасаған «қызметі» үшін ақшалай сыйақыны талап еткен. Арнайы операция барысында күдікті адам ұсталды.

«Қазіргі уақытта алаяқтық және бопсалау фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр», - деп нақтылады Полиция департаменті.

Полицейлердің пайымынша, ұсталған күдіктінің әрекеттерінен зардап шеккендер саны әлдеқайда көп болуы мүмкін. Полицияға алданған үш азамат шағымданған.

Осы орайда елордалық Полиция департаменті аталған күдіктінің іс-қимылынан зардап шеккендерді Бейбітшілік 19 мекенжайы бойынша ПД Тереу басқармасына келуді немесе 71-63-10, 71-60-30, 8-702 -755-03-55, 8-775-416-67-92 телефон нөмірлері бойынша хабарласуды сұрап отыр.