Елордада жаңа тұрғын үйлерге қазақша атау беру белең ала бастады
АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы құрылыс компаниялары жаңа салынған тұрғын үйлерге қазақша атау бере бастады. Бұл туралы Астана қалалық тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп айтты.

— Соңғы 2 жылдың көлемінде қаладағы тұрғын үйлердің атауларына байланысты ірі құрылыс компанияларымен кездесу өткіздік. Бұған дейін 60-70 пайызға жуық шамада тұрғын үйлердің аттары неше түрлі шетелдік атаумен қойылып келген. Басшылықтың да әлеуетін салып, өзіміз де бірнеше дүркін кездесудің нәтижесінде ірі құрылыс компаниялары үйлерінің 60-70, кейбірі 80 пайызға жуығына дәстүрлі атауларды қойып жатыр, — деді ол қалалық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысында.
Сонымен қатар ол балабақшалар мен мектептерге баратын балалардың ата-аналарымен кездесулер жиі өткізіле бастағанын айтты.
— 2021-2022 оқу жылында қаламызда қазақ сыныбында оқитын оқушылардың саны 52 пайыз болса, соңғы оқу жылында 65 пайызға көтерілді. Дегенмен, істейтін жұмыс әлі көп. Мысалы, соңғы жылы қалалық білім басқармасына қарасты мемлекеттік балабақшаларға жаңадан келген бүлдіршіндер толықтай қазақ тіліне қабылданды. Бұл үрдісті мүмкіндігінше алдағы уақытта жалғастырсақ деген ойымыз бар, — деді Сәкен Есіркеп.
Айта кетейік, биыл 3 мың елордалық қазақ тілін тегін үйренеді.