Елордада жарты жыл ішінде 51 бала биіктен құлаған
АСТАНА. 2 тамыз. ҚазАқпарат - Үстіміздегі жылдың І жартыжылдығында Астанада балалардың биіктен құлауының 51 оқиғасы тіркелді.
Бұл туралы astana.kz сайтына елордалық ІІД баспасөз қызметінен хабарлады.
«Үстіміздегі жылдың І жартыжылдығында балалардың биіктен құлауының 51 оқиғасы тіркелді, соның ішінде 5 жасқа дейінгі балалар арасында -14, 15 жасқа дейінгі балалар арасында 10 оқиға орын алған, бұдан басқа, 5 бала москит торынан құлап, көз жұмған», - делінген ведомство таратқан ақпаратта.
Жыл басынан бері механикалық аспирация нәтижесінде (өз құсығына шашалу) 4 сәби көз жұмған.
Қалалық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне «жабық бас сүйек жарақаты, миының шайқалуы, қарын зақымы» диагнозымен 2008 жылы туған бала жеткізілді. Мамандар баланың 3-ші қабаттан құлағанын анықтады.
Тағы да бір жағдай кешкі уақытта орын алған. Аурухананың жансақтау бөліміне 4 жасар қыз жеткізілді. Диагнозы: «жабық бас сүйек жарақаты, миының шайқалуы, самай бөлігінде бас сүйегінің негізі сынған». Ол да 4-ші қабаттағы терезеден 1-ші қабаттағы күнқағарға құлап, түрлі жарақаттар алған.
«Балалар көбінесе жандарында үлкендер болмағанда немесе тиісті бақылау жүргізілмегенде бақытсыздыққа ұшырайды. Бұл жағдай қас-қағым сәтте орын алады»,- делінген ақпаратта.