Елордада жасыл технология бойынша GCIP-Kazakhstan Ұлттық академиясының жұмысы басталды
АСТАНА. KAZINFORM – 28-31 шілде аралығында елордада «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ ұйымдастыруымен GCIP-Kazakhstan Ұлттық академиясы өтеді.

Академия — БҰҰ-ның Өнеркәсіптік даму жөніндегі агенттігі (UNIDO) мен Жаһандық экологиялық қордың қолдауымен Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы жүзеге асыратын таза технологиялар саласындағы акселерациялық бағдарламаның үшінші циклінің басты білім беру іс-шарасы.
Академияның ашылуына Экология және табиғи ресурстар министрлігі, Президенттік орталығы өкілдерінің, сондай-ақ Қазақстандағы жасыл трансформацияны ілгерілетуге үлес қосып жүрген мамандардың қатысуымен өтті.
— Бүгінде таза технологиялар саласындағы стартаптарды қолдау — бұл инновацияларды ғана қолдау емес, Қазақстанның орнықты болашағына да қатысты іс. Біз Қазақстанды жасыл технологиялар саласында өңірлік және халықаралық көшбасшы ету және мұнда бүкіл Орталық Азия үшін құзыреттілік орталығы ретінде GreenTech Hub құру деген өршіл мақсатты алға қойып отырмыз, — деді «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасының міндетін атқарушы Сәкен Қалқаманов.
Ұлттық академия — ол GCIP (Global Cleantech Innovatıon Programme) — Kazakhstan бағдарламасының келесі негізгі кезеңі және 2025 жылғы конкурстық іріктеу қорытындысы бойынша еліміздің түкпір-түкпірінен 350 өтінімнің ішінен іріктелген 51 стартап-командаға арналған бастапқы алаң. Қатысушылар таза технология жобаларын мынадай басым бағыттарда ұсынады:
— энергия тиімділігі;
— жаңартылатын энергия көздері;
— қалдықтарды өңдеу;
— суды үнемдеп пайдалану;
— «жасыл» құрылыс;
— таза көлік;
— озық материалдар мен химикаттар.
Аталған академияның мақсатына тоқталсақ, экологиялық таза технологияларды енгізуге баса назар аудара отырып, бизнес жоспарлауда, орнықты дамуда, нарықтық стратегия мен инвестициялық тартымдылықта негізгі құзыреттерді дамыту арқылы стартаптарды акселерациялық бағдарламаға табысты қатысуға дайындау. Білім беру модуліне бизнес-модельдер құру бойынша қарқынды тренингтер, халықаралық нарыққа шығу, инвесторлармен өзара іс-қимыл жасау және серіктестерді тарту кіреді.
Оқытуды тұрақты технологиялар саласындағы акселераторлар мен инвесторлардың беделді жаһандық желісі — Network for Global Innovation (NGIN, АҚШ) халықаралық ұйымының сарапшылары жүргізеді.
Айта кетейік, GCIP-Kazakhstan бағдарламасы — таза технологиялар мен шағын және орта бизнесті дамыту саласындағы инновацияларды ілгерілету жөніндегі жаһандық бастаманың бір бөлігі. Ұлттық академия — білім беру, орнықты инновациялардың экожүйесін қалыптастырудағы және Қазақстанда экологиялық бағдарланған кәсіпкерлердің жаңа буынын қолдаудағы маңызды қадам.
2023 жылдан бастап Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы «Қазақстанда ШОБ субъектілерінде таза технологиялар мен кәсіпкерлікті дамытудағы инновацияларды ілгерілетудің жаһандық бағдарламасы» жобасын (GCIP Kazakhstan) іске асырып келеді.
Бұдан бұрын хабарланғандай, химия кәсіпорындарында жасыл технологияны енгізудің арнайы жоспары қабылданады.